Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясына арналған шекті тарифтерінің объективті деңгейі белгіленетін болады. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап электр қуатының нарығы енгізілген соң, электр энергиясын өндіру секторы үшін жаңа тарифтік әдіснама қолданылады. Энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясының құны қуат тарифі және электр энергиясына тариф ретінде бөлінетін болады. Министрлік екі компоненттің (қуат бағасы мен электр энергиясының бағасы) қосындысы бойынша электр станциялары үшін электр энергиясына бағаны төмендету бойынша шаралар қабылдайды», - деді Қ. Бозымбаев.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда негізгі электр стансаларын тексеру бойынша Бас прокуратурамен бірлескен жұмыс аяқталды. Министрлікте график бекітіліп, барлық энергия өндіруші ұйымдарды тыңдау басталды. Ведомство осы жұмысты ағымдағы жылғы 20 қарашаға дейін аяқтайтын болады. Осы айдың соңына дейін тиісті бұйрық қабылдануы тиіс.

«Электр энергиясына объективті шекті тарифтерді белгілеу энергия өндіруші ұйымдардың сату бағасын төмендетуге мүмкіндік береді. Энергия өндіруші ұйымдардың сату бағасын өзгертуінің негізінде, табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган (Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті) түпкі тұтынушылар үшін электр энергиясының құнын төмендету бойынша шаралар қабылдауы тиіс», - деді министр.

Бұдан бөлек Қанат Бозымбаев энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясына тарифтерін төмендету үшін министрлік Бұйрық жобасын әзірлегенін мәлімдеді. Бұл жобада тауарлық газдың шекті көтерме бағаларын төмендету көзделген, яғни 2019 жылғы қаңтардан электр стансалары үшін тауарлық газ құны арзандайды.

«Біздің бағалауымыз бойынша, көтерме сауда бағасын 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап төмендету - тауарлық газдың түпкілікті бағасын өңірге байланысты газ пайдаланатын электр стансалары үшін 6-15 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. ҚР Ұлттық экономика министрлігімен келісуді ескере отырып, тиісті бұйрықты бекіту ағымдағы жылдың қараша айының соңына жоспарлануда», - деп нақтылады ведомство басшысы.

Оның атап өтуінше, министрліктің газға көтерме сауда бағаларын төмендету негізінде, Табиғи монополияларды реттеу комитеті тиісті бұйрықтар қабылдап, электр стансалары үшін газ бағасын төмендетуі тиіс.

«Электр энергиясы мен тауарлық газ бағаларын төмендетуге бағытталған шаралар 2018 жылғы қараша айының соңына дейін министрліктің тиісті Бұйрығы ретінде бекітіледі. Аталған Бұйрық 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі», - деп түйді ол.

pavlodarnews.kz

Тэги: