Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мәлім етті.

- Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасалуда, - деді кәсіпкерлер палатасында. – Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру және кәсіпкерлікпен айналысуға тартуға арналған «Бастау» бағдарламасына қатысып, кәсіп бастағандардың бірі – Ақсу кентінің тұрғыны Зулика Магиева. Ол 2019 жылдың наурыз айында оқудан өтіп, «Бастау жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері» сертификатын алды. Әрі қарай жеке кәсіпкерлігін тіркеп, массаж кабинетін ашу бойынша бизнес-жоспарын құрды.

Бизнес-жоспарын сәтті қорғаған бастауыш кәсіпкер мемлекеттік грантқа ие болып, оған кәсіби массаж жабдығын сатып алған.

Кәсібін бастаған Зулика Магиева «Бастау» жобасы жөнінде қабылдауға келген пациентінен естіген. Кейін Павлодар облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Ақсудағы филиалына жүгінген.

- Ол жерде маған жоба туралы ақпарат беріп, оқуға бағыттады, - деді кәсіпкер. – Бәрі сәтті аяқталып массаж кабинетін қажетті жабдықпен қамтыған соң клиенттер саны артты. Жұмыс процесі де жақсарды. Қазір бизнесім туралы көп адам біледі. Тіпті Ресейден, елордамыз Нұр-Сұлтаннан арнайы ем алуға келетіндер бар. Балалармен ересектерге арналған емдік, целлюлитке қарсы, сергітетін, қалыпқа келтіретін және классикалық массаж түрлерінің барлығы жасалады. Дәрігер мен кеңесу арқылы мен ауыр науқастарға – сүйегін сындырған, инсульт алған адамдарға, сал ауруына шалдыққан балаларға емдік массаж жасаймын. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түрлі емдік гимнастикалар бар, – деді «Бастау» түлегі.

Кәсіпкердің айтуынша, күнделікті жұмыспен қатар денсаулыққа да көңіл бөлген жөн. Зулика Магиеваның кәсібі әр пациент денсаулығына ем. Кәсіпкер жуық арада массаж салонын кеңейтпек.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Бастау, Атамекен, кәсіпкерлік, экономика