Департамент басшысы Әділбек Мұқашев бастаған тексеру тобы азаматтар тарапынан айтылған сын-ескерпелердің орындалу жайымен танысты. Мәселен, қалалықтар жүргізуші куәлігін алу үшін тапсырылатын емтихан орны – автодромның жұмысына көңілі толмаған.

Тұрғындардың айтуынша, автодром барлық санаттардағы көліктермен қамтылмаған. Ескертпелердің тағы бір бөлігі ХҚКО маңын ретке келтіруге қатысты.

Павлодар облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» филиалының директоры Фархат Әлімов айтқандай, бұл олқылықтың орны жақын арада толтырылатын болады.

- 1 шілдеде автобус пен КамАЗ көліктерінің келуін күтудеміз, - дейді Фархат Әлімов. – Соның арқасында «С» санатындағы жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыруға болады. Оған қоса, күзге қарай мамандандырылған ХҚКО-ның ғимаратын республикалықтан облыстық бағынышқа көшіруге дайындаудамыз. Бұл ғимаратты күтіп-баптауды оңайлатады.

Фархат Әлімовтің айтуынша, облыстағы барлық орталықтарда «Азаматтарға арналған үкімет» филиалы директорының телефон нөмірлері көрсетілген. Сол нөмір арқылы өтініш-тілектер қабылданады.

Мамандандырылған ХҚКО-нда күн сайын 13-15 адам жүргізуші куәліктеріне емтихан тапсырады. Ал, куәлікті ауыстыру электрондық үкімет порталы арқылы 30 минутта рәсімделеді.

1 шілдеден бастап, полиция қызметкерлерінің жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыруға қатыспайтыны жоспарлануда. Бұл азаматтар мен полиция қызметкерлерінің арасындағы қарым-қатынасты азайту мақсатында енгізетін жаңалық болмақ.

- Теориялық емтиханды тапсырғандар тәжірибелік емтиханға келеді, - дейді аға мемлекеттік автомобильдік инспектор, полиция майоры Берік Естаев. – Тәжірибелік емтихан кезінде барлық көліктер мен автодром бейнекамералармен жабдықталған.Демек, адами фактор жоққа шығарылады. 1 шілдеден емтиханды тек ХҚКО қызметкерлері қабылдайды, біз полиция департаментінде боламыз.

Айта кетейік, мамандандырылған ХҚКО 2014 жылы желтоқсанда ашылған болатын.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: мамандандырылған ХҚКО, жүргізуші куәлігі, полиция, мемлекеттік қызмет