Әдістемелік кабинет меңгерушісі Сәуле Слямованың айтуынша, байқаудың мақсаты – педагогтардың оң имиджін қалыптастыру, тиімді педагогикалық тәжірибені анықтау және тарату, мұғалімдердің кәсібилігін арттыру.

- «Жыл мұғалімі» байқауы 20 жылдан астам уақыт бойы дәстүрлі түрде өткізіп келеді, - деді Сәуле Слямова. – Әрине, байқау тарихы өте бай, бірақ осы жылдың ерекшелігі – конкурсқа үш жылға дейінгі еңбек өтілі бар жас педагогтардың қатысуында. Оған қоса биылғы байқауға өте сирек пәндер бойынша үміткерлер қатысуда. Олар музыка, дене шынықтыру және өзін-өзі тану пәндерінен сынға түсуде. Бұл байқау арқылы мұғалімнің тек ашық сабақты ғана емес, сонымен қатар өз идеясын көрсете алатынын көрсеткіміз келеді. Бірінші кезеңге барлық мектептерден 58 педагог қатысты. Ал екінші кезеңге 20 мұғалім өтіп, бақ сынасуда. Олар бөтен сыныпта ашық сабақтар көрсетеді. Пән мен тақырып іріктеу турының қорытындысы шығарылған күні ғана белгілі болды.

Қатысушылар үш номинация бойынша қатысуда. «Үміт» - педагогтардың жұмыс өтілі 0 ден 3 жылға дейін, «Шеберлік шыңы» - 4 жылдан 9 жылға дейін, «Шоқ жұлдызы» 10 жылдан 15 жылға дейін.

Жарысқа «Шоқ жұлдызы» номинациясы бойынша қатысушы ұстаздардың бірі - №21 ЖОМ бастауыш сынып мұғалімі Ғайша Рақышева.

- Байқауға қатысудағы басты мақсатым - теорияны практикамен байланыстыра отырып, әріптестеріме өз тәжірибемді тарату, - дейді ол. – Аталмыш байқау ұстаздардың шеберлігін нығайтуға, тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік береді. Сол себепті басқа әріптестеріме осындай байқауларға қатысуға кеңес беремін.

Білікті ұстаздарды ЖОО-ның профессор-оқытушылары, «Өрлеу» ПКҰО АҚ филиалының өкілдері, педагог шеберлігі орталығы филиалының тренері, қалалық білім беру бөлімінің әдіскерлері және қала мектептерінің тәжірибелі мұғалімдері әділ қазылық етіп, бағалайтын болады.

Айта кетейік, қалалық турдың жеңімпаздары «Жыл мұғалімі» облыстық байқауына жолдама алады.

Айгүл Жүсіпова

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, жыл мұғалімі, мектеп, ұстаз