Департаментке Павлодар қаласының прокуратурасынан «Сарыарқа» шағын ауданында № 12 және 15 тұрғын үйлерді салу кезінде анықталған заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыным келіп түскен.

Мемлекеттік сатып алудың қорытындысы бойынша тапсырыс беруші – құрылыс бөлімі мен «ДСК Монтаж» ЖШС тұрғын үй құрылысы жұмыстарын орындау бойынша 2017 жылы келісімшарт жасаған.

2018 жылдың қазан айында мердігер ұйым бөлімге орындалған жұмыстардың актілері қол қоюға ұсынған. Қанат Қалиев пен Мақсұт Ғаббасов қол қойған орындалған жұмыстар актісі бойынша мердігер ұйымға 40 млн теңге сомасында ақшалай қаражат аударылған. Нәтижесінде № 12 үй қолданысқа енгізілген. Алайда прокуратура мен мемлекеттік аудитор актіде көрсетілген жұмыс толық көлемде, яғни 10 млн теңгеге орындалмағанын анықтаған.

- Орындалған жұмыстар мен тұрғын үйлердің қолданысқа беру актісіне мерзімінен бұрын қол қойылғанына қатысты департаменттің әдеп жөніндегі кеңесімен қызметтік тергеу жүргізілді, - деді Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Темір Жашибеков. - Нәтижесінде авторлық және техникалық қадағалау органдарынан, мердігерден, Мақсат Ғаббастов пен құрылыс бөлімі басшысының бұрынғы орынбасары Қанат Қалиевтен түсіндірме алынды. Қазіргі таңда ол қалалық жер қатынастар бөлімінің басшысы болып жұмыс істейді. Материалдар жинастырылды. 

«Сарыарқа» шағын ауданындағы № 12-ші үйдің айналасындағы төсеншіке қатысты актіге қол қойылған, алайда мердігерлік ұйымнан ауарайы қалыпты жағдайға түскеннен кейін барлығын орындайтыны туралы кепілдеме хат келіп түскен. Сонымен қатар прокураторлық тексеріспен мемлекеттік ішкі аудит қызметкері де қамтылған. Ол атқарылған жұмысты бақылау-өлшеу жүргізген кезде және үйді тапсырғаннан кейін де жұмыстың жалғасып жатқанын айтқан.

Өз сөзінде Қанат Қалиев ешқандай пайда көру мүддесі болмағанын жеткізді.

- Қараша айы болатын, - дейді ол. – Бюджеттік қаржыны игеру қажет болды. Ең бастысы, адамдарды уақытында көшіруді көздеген едік. Сондықтан мерзімінен бұрын қол қоюға мәжбүр болдым.

№ 15 үйде 14 млн теңгенің жұмысы орындалмағаны анықталған. Дегенмен бас маман мен бөлім басшысы құрылыс материалдары сатып алынғанын, алайда ұрланып кетпеу үшін қоймаларға қойылғанын айтты.

- Қызметтік тексеріс кезінде Қалиев және Ғаббасовпен бұзушылықтарға жол берілгені анықталғанымен, әдеп жөніндегі хатшылық олардың іс-әрекеттерінде мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін белгілерді таппады. Десе де бюджеттік қаржыны аудару және қол қою кезінде бюджет және сәулет заңнамасы нормаларын бұзғаны белгілі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл ұлттық бюро департаментімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілген, алайда қылмыс белгілерінің жоқтығына байланысты тоқтатылған. Қызметтік тергеу барысында лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлер орындалған жұмыстар туралы актіге қол қоярдың алдында барлық материал сатып алынғанын айтты. Яғни, ұрлап кетуі мүмкін кран, есептегіш құралдар сияқты материалдарды мердігерлердің қоймаларына орналастырған және тұрғындар қоныстанатын кезде орнатқан, - дейді Темір Жашибеков.

«Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 50-бабы, 1-пункт, 4-тармақшасына - «шешім дайындау және қабылдау кезінде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсету» сәйкес әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің басым бөлігі Павлодар қаласының әкіміне Қалиев пен Ғаббасовты жұмыстан босату туралы ұсыныс жасады.


Ақбота Сейсенбаева

Фото: Ольга  Бугаева,  Роза Мұстафина

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам