Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Павлодар әкімі Қайрат Нүкенов бағаны тұрақтандыру бағытында атқарылған істер туралы ақпарат жеткізді.

- Қараша айында тауарлар мен қызметтер бағаларына инфляция деңгейі 2018 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 103,6%-ды құрады. Жыл қорытындылары бойынша инфляция деңгейі 104-106% аралықта болады деп жоспарлануда, - деді Қайрат Нүкенов.

Соған қарамастан, нарықтағы бағалардың негізсіз өсуін болдырмауға бағытталған жүйелі жұмыстар қолға алынған. Айталық, қаламызда 26 әлеуметтік дүкен, олардың төртеуі ауылдарда жұмыс істейді.

- Оған қоса, апта сайын Естай, 81 мекенжайы бойынша ауыл жәрмеңкесі өткізілуде, - дейді Қайрат Нүкенов. – Биыл барлығы 44 жәрмеңке өткізіліп, барысында 1,3 миллиард теңгеге өнім өткізілді. Мәселен, қалалықтар сенбі сайын үш тонна сүт пен тоғыз тонна әртүрлі ет сатып алады.

Айта кетейік, 2019 жылы Павлодарда бөлшек сауда көлемі 234,1 миллиард теңгені құрады.

Айбек Жұматов

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: сауда, инфляция, баға, азық-түлік, Қайрат Нүкенов, жәрмеңке