Бұл туралы 24.kz хабарлады. Шара қонақтары қызыл кілемнен жүріп өтіп, «Қазмедиа орталығының» киноконцерттік залына жайғасты. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған ұлттық байқауды естен кетпестей өткізу үшін мамандар сахнаны 1 апта безендірді. Көлемі 200 шаршы метр –  LED-экрандар орнатты. Жарқыраған шамдар, дыбыстық қондырғылар мен бейне дисплейі, заманауи техникалық құралдардан тұратын декорация - 500 текше метр. Сахнаның безендірілуінен бөлек сценарийге де айрықша мән берілген.

Кеш тізгіні 4 жүргізушінің мойнында. Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен «Биле Қазақстан» жобасының қатысушылары өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылар соңғы сәтке дейін жеңімпаздардың есімдерін құпия ұстап отыр. Тек көрерменді көптеген тосынсый күтіп тұрғаны белгілі. Айтпақшы ұлттық бәйгеге «Хабар» агенттігінің атынан 29 жоба жолданса, оның 15-і «Хабар 24» арнасына тиесілі. Агенттік атынан «Телевидение саласына қосқан үлесі үшін» аталымындағы марапатқа 4 сала маманы ұсынылып отыр. Жалпы байқауға елдің түкпір-түкпірінен 200-ден аса эфирге шыққан жобалар келіп түсті. Осы саланың жілігін шағып май ішкен майталмандар қазылық етіп, үздік теле өнімді таңдады. 


pavlodarnews.kz