Түркиядағы екі бірдей оқу-жаттығу жиындарынан соң бұл күндері команданың дайындығы Павлодарда өткізілуде. Кеше Ertis футболшылары Орталық стадионда алғашқы рет жаттықты.

Команда бас бапкері Милан Милановичтің сөзіне қарағанда, бұл елдің климатына бейімделу үшін жасалған қадам.

- Премьер-Лиганың алғашқы турлары Түркияда болған ауа райынан мүлде өзге климатта өтетіні белгілі, - дейді Милан Миланович. – Екі аптадай өзіміздің климатқа бой үйрету қажет. Сондықтан шетелден Павлодарға әдеттен тыс ерте оралдық.

Сербиялық маманның айтуынша, Түркиядағы әзірлік кезінде алға қойылған барлық міндеттер орындалды. Бас бапкер ойыншылардың еңбекқорлығы мен қорғаныстағы қимылдарына ризашылығын білдірді.

- Түркияда, әсіресе 6 бірдей жолдастық кездесу өткізген екінші ОЖЖ-да зор көлемдегі жұмыс атқарылды, - дейді Милан Миланович. – Ойыншыларымның тәртібіне, тактикалық дайындығына, қорғаныстағы қимылдарына ризамын. Ойын алаңының барлық аймақтарында қарсыластарға жақсы қысым көрсеттік. Иә, кейбір матчтарда гол соға алмадық, алайда қорғаныста ешкімге дес бермедік.

Сөз соңында бас бапкер павлодарлық жанкүйерлерге ыстық сәлемін жеткізіп, ойыншылардың келер маусымда көрермендерді қуантуға барынша күш салатынына уәде берді.

Айта кетейік, Ertis ФК 8 наурызда Қызылордада «Қайсарға» қарсы матчпен биылғы маусымды бастайды. Біздің стадионда команда 14 наурызда ойнайды. Қарсылас – петропавлдық «Қызылжар».

Айбек Жұматов

Фото: Ertis ФК

pavlodarnews.kz

Тэги: Ertis ФК, Ертіс ФК, ҚПЛ, Премьер-Лига, футбол