Тексеру барысында облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Қасенов ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармаларының басшылары мен жәрмеңкені ұйымдастыруға жауапты мемлекеттік қызметшілердің жұмысын сынға алды.

- Сауда орындарында кімнің не сатып тұрғаны белгісіз, - дейді Бауыржан Қасенов. - Тауар ұсынып тұрған адамның сыртқы киіміне баса назар аударып, аты-жөні жазылған бейджик тағуы тиіс. Сатушылар мен тұтынушылар арасында келіспеушілік туындаған жағайдада кәсіби тұрғыдан жауап беретіндей қарапайым талаптар сақталмаған. Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрі бойынша барлық тауар өндірушілермен және сауда желілерімен төмен баға бойынша меморандумға қол қойылған. Алғашқы өнім шілде айының соңында нарыққа жеткізіледі. Ал, тамыз-қыркүйек айларында жергілікті өнімді келесі жылға  дайындау бойынша келіссөз жасалады.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, өңірлерде жүргізілген рейтинг нәтижесі барлық позиция бойынша Павлодар облысында азық-түліктің 80 пайызына бағаның төмен екенін көрсеткен. Басты мақсат - фермерлерге шығын келтіру емес, қоғамның әлжуаз тобына жататын әлеуметке  10-20 пайыз төмен бағамен таңдау жасауға мүмкіндік беру. Бүгінгі таңда облыс әкімінің тапсырмасы бойынша оңтүстік өңірлермен байланысты нығайту бойынша жұмыс жүргізілуде. Себебі мамыр, маусым және шілде айларында сырттан тікелей көкөніс  жеткізіле бастайды.

«Ертіс ырысы» базарында өз тауарын әкелген саудагерлер сауда орнының кеш ашылатынын айтып шағымданды. Мәселен, литрі 100 теңгеден босатылатын сүттен алуға келген тұрғындар сағат он болмастан күннің аптап ыстығына қарамастан ұзын-сонар кезекке тұрған. Ал, кейбір тауарлардың бағалары көрсетілмеген. 

Базардағы жағдаймен танысып шыққан Бауыржан Қазыбекұлы субсидия сұрағанда алдына жан салмайтын «Қызылжар-Құс» ЖШС тауарының неліктен жәрмеңкеде  жоқтығын сұрап, алдағы уақытта тұтынушыларды жазғы уақытта адам ағзасына жеңіл жергілікті өніммен қамтамасыз етуді ескертті. Сонымен қатар күнбағыс майының екі сауда нүктесінде  екі түрлі бағамен саудаға қойылғанын анықтауды тапсырды. Бұған қоса, былтырдан қалған картоп бағасы да облыс әкімі орынбасарының таң қалысын тудырды.

- Неліктен сапасыз өнімнің бағасын шарықтатып жібересіздер? Өтпеген тауарды шірітіп, лақтырып тастағаннын гөрі картоптың келісін 90 емес, 30 теңгеден бере салған дұрыс емес пе?, - деп Бауыржан Қасенов бағаға жауапты ведомство өкілдеріне жағдайды бақылауға алуды тапсырды.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда облыста 200-ден астам әлеуметтік дүкен болса, оның 35 шақтысы Павлодарда орналасқан. Жыл басынан бері  үш дүкен «әлеуметтік» деген мәртебесінен айырылса, бес дүкен «әлеуметтік» атануға өтініш берген.

Ақбота Сейсенбаева

Суреттерді түсріген - автор

pavlodarnews.kz