Нысанның ашылуына қатысқан облыс орталығының әкімі Нұржан Әшімбетов, «Крендель» ЖШС-нің басшысы Зинаида Пархоменко  сәттілік тіледі.

 Биология ғылымдарының кандидаты Қалия Жұмабекова экологиялық таза сусын өдірісін қалай қолға алғанын еске алды.

- Кезінде ұнтақ тәрізді «Инвайт» және «юпи»  шырындары болатын, - дейді ол. - Сол сәтте неліктен адам денсаулығына анағұрлым пайдасы зор табиғи сусын шығармасқа деген ой келді. Елімізде теңдесі жоқ бұл өнімге ешбір қоспа мен бояу қосылмаған. Салауатты өмір салтын сақтауға бағытталған. Бүгінгі күні өнімді саудаға шығару бойынша «Крендель» ЖШС және «Черноярская жемчужина», Мойылды шипажайларымен келісімшарт жасалған.

 

Өндіріске қажетті құрал-жабдықтар Қытай елінен, Ресей Федерациясының Новосібір және Ижевск қалаларынан жеткізілген. Кәсіпорында тәулігіне 1, 5 мың литр сусын шығарылады.

100 шаршы метрді құрайтын ғимараттың жөндеу жұмыстары 2017 жылдың шілде айында басталып, қараша айында жабдықтар орнатылған.

Ғимарат су дайындау, шәрбат өндірісі және сусынды құю бөлмелері мен дайын өнім мен шикізат қоймаларынан тұрады. Әзірге төрт адам жұмыс істейтін цехты болашақта кеңейтіп, жергілікті тұрғындарды  еңбекпен қамту жоспарда бар.

Бизнеспен айналысуға бел буған профессор Ұлттық тағамтану академиясында жобаны қорғаған кезде Төрегелді Шорманов «Диссертацияны ғылыммен айналысатын кез келген адам қорғай алады, алайда өндіріске дейін жеткізу кез келген адамның қолынан келмейді» деп, батасын бергенін айтады.

   -  Әлбетте, бұл көп еңбекті қажет етеді, - дейді Ғалия Жұмабекова. – Себебі, 2013 жылы бастаған идеяны 15 жыл бойы еңбектеніп жүзеге асыру оңайға тимеді. Сонымен қатар бұл жобаның іске асуына зор үлес қосқан Алматы кардиология институтының көмегімен ауруханаларда апробация өткізілді. Қазіргі таңда биология ғылымдарының докторы, профессор Бибігүл Жұмабековамен біге жұмыс істеп жатырмыз. Болашақта жас ғалымдарды шақыру жоспарда бар. ҚР Білім және ғылым министрлігіне, қалалық және аудандық әкімдікке, «Крендель» сауда желісіне қолдау көрсеткендері үшін  алғысым зор.

2016 жылы «Алтын батыр Company» ЖШС отандық кәсіпкерлер идеясын қолдау аясында 46 млн теңге ұтып алған. Компания экологиялық таза сусынды жеткізу бойынша бірнеше шипажаймен келісімшартқа отырып, өндіріске қажетті құжаттарды рәсімдеген. Бұған дейін арнайы тапсырыс бойынша Павлодар және Алматы қалаларында шығарылған.

Еске сала кетейік, жуырда химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Абылайхан Кәріпбай мен 9-сыныптың оқушылары Адель Камалдинова, Азиза Киреева «Шай саңырауқұлағы негізінде алынған диабеттік сусын» пайдалы моделі патентіне ие болған.

Ақбота Сейсенбаева

Суреттерді түсірген Светлана Воронова

 

pavlodarnews.kz

Тэги: общество