Бұл туралы агенттікке Ертіс ауданы білім бөлімінің әдіскері Нұргүл Сұлтанова айтты.

- Мерекелік шара салтанатты жиында сапқа тұрумен басталды, - деді Нұргүл Сұлтанова. – Концерттік бағдарлама ұсынылды. Мерейтойға мектептің тұңғыш директоры Бауыржан Нұрғазинов, ардагер ұстаздары, аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Қадырова қатысты. Мектептің 1979-2018 жылдары қырандай қанаттандырып, ұясынан ұшырған 150-ден аса түлегі келді.

Шара барысында Самал Қадырова «Мектеп оқушысына қаладан тыс лагерьге жолдама сыйла» акциясы шеңберінде Қарақұдық мектебінің озат оқушысы, аудандық Абай оқуларының жеңімпазы, 9-сыныптағы Қолғанат Елемеске 30 мың теңгелік сертификат табыс етті.

Аудандық маслихаттың депутаты Дулат Мусин 120 000 теңге, ардагер ұстаз Мүкзиза Исабекова 60 000 теңге көлемінде сый жасаса, 1993 жылғы түлектер шағын орталыққа 150 мың теңгеге ойыншықтар мен дамыту бағытындағы кітаптар табыстады.

1982 жылғы түлектер 142 мың теңгеге пластикалық есік салып берсе, 1984, 1991, 2005 жылғы түлектер 265 мың теңгеге түрлі-түсті принтерларды сыйлаған.
1981 жылғы түлектер 150 мың теңге көлемінде волейбол командасына жазғы спорт киімдерін алып берген. Ал, 1992 жылғы түлектер мектептің алдын әктеуге 300 мың теңге қаржы бөлген.

Айта кетейік, Қарақұдық мектебі 1978 жылы салынған. Алғашқы кезде білім ордасында 200-ге жуық оқушы тәлім алған. Қазіргі кезде мектепте 52, мектеп жанындағы шағын орталықта төрт бала білім алады.

Оразбек Саяхат
Суреттер аудандық білім бөлімімен ұсынылды

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Ертіс ауданы, Мектебіме тағзым, қоғам