- 22 адам автобуспен тегін барып, көріп келеді, - дейді Екібастұз қалалық мешітінің найб имамы Дидар Сальменов. - Сапарды Екібастұз қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Жамағатты мешіттің наиб имамы Бабажанов Ғалымжан бастап барды. Жерлестеріміз жаңа мешіттің тыныс-тіршілігімен танысып, рухани азық алып қайтады деген үміттеміз. Шараны өткізуге әкімдік өздері ниет етті.

Басты мақсат Астанадағы «Алланың гүлі» атты мешітті зиарат ету, сондай-ақ шаһарды тамашалау болып табылады.

Еске сала кетейік, өткен жұмада Астанада жаңа үлгідегі мешіт ашылған. Кешеннің сәулетшісі - Сағындық Жанболатов. Бұл мешіттің формасы Қазақстандағы бірде-бір мешітке ұқсамайды. Іші де өзгеше. Миxрабы қабырғадан бері қарай орналасқан. Ал энергия тұтыну жағынан әлем бойынша бірегей нысан болып саналады. Себебі энергияны толығымен күннен алады. Артық энергияны да өндіруге мүмкіндік бар. Оны қалаға сатып, жылына 4 млн теңге пайда көруге болады. Жаңа мешітке 750 адам сияды. Дегенмен, намаз кезінде қатарға тұрғанда, оған бір мыңнан астам адам кіре алады.

Мұнараның үстінен қарағанда мешіт гүлге ұқсайды. Бүгінде оны халық арасында «Алланың гүлі» деп атап кеткен. Мешіттің тағы бір ерекшелігі - іші қарапайым. Қабырғалары аппақ, көп жазулар жоқ. Күмбездің айналасында ғана Алла тағаланың тоқсан тоғыз аты жазылған.

pavlodarnews.kz

Тэги: Алланың гүлі, қоғам