Еріктілер орталығының басшысы Айгүл Кенжетаеваның айтуынша, ардагер жастармен жүздесуге өзі ниет білдірген.

- Елдің ертеңі - сендерсіңдер, - деп сөзін бастады ардагер Ғабдолла Бейсембаев. – Қан майданда Отан үшін жанын қиғандардың саны көп. Олардың әрбірі құрметке лайық. Елімізде тыныштық болсын деп тілеймін. Туған елге, ана тілге құрметпен қараңдар. Мен ауырып тұрсам да, сіздермен жолығуға асықтым. Өйткені, арманым – сіздердей жастармен кездесу еді. Бүгін сол арманым орындалды. Сол үшін алғысымды білдіремін.

Айта кетейік, павлодарлық суретші Жеңіс Молдабеков батырдың суреті салынған картинаны сыйға тартты.

Шара соңында жастар ардагермен «Біз де жүзге толайық» деген ұранмен селфи жасады.

Ғабдолла Бейсембаев 1918 жылы Качир ауданының Қызылтаң ауылында дүниеге келген. Алматыдағы кооперативтік техникумды тәмамдаған соң, 1938 жылы Қызыл әскер қатарына артиллериялық полк сапына шақырылды. 11-ші армияның 515-ші артиллериялық полкінің құрамында борышын өтеп, Батыс Украинаға жасаған жорыққа қатысты және финдермен соғысты. Одессадағы артиллериялық училищені аяқтаған соң, 1941 жылы Ғабдолла Бейсембаевті гаубица полкінің 2-ші дивизионы байланыс взводының командирі етіп тағайындады.

Ол Мәскеуді қорғауға қатысты. Сол қорғаныста екі рет жараланды. 1943 жылы ауыр жарақаттан соң госпитальда емделіп, әскер қатарынан шығарылды. 1943 жылдан бастап Павлодар облысының басқарушы қызметтерін атқарды. Әр жылдары Михайловский ауданының атқарушы комитеті сауда бөлімінің жетекшісі, Ұрылытөбе партбюросының жауапты хатшысы, «Советтік Қазақстан», «Ұрлытөбе» совхоздарының парткомында хатшы және экономист болып еңбек етті. Соғыстағы еңбегі үшін жоғары марапаттарға ие болды. 13 медалі бар. «Қызыл жұлдыз», Отан соғысының 1-ші дәрежелі ордендерінің, «1941-1945 жылдары Германияға қарсы ҰОС-ғы жеңіс үшін» медалінің иесі.

Бүгінде тоғыз баласынан 35 немере және 27 шөбере сүйіп отыр.

Қоса кетейік қазіргі таңда Павлодар қаласында 80-нен аса ҰОС ардагері және бес мыңға жуық тыл еңбеккері тұрады.

Абзал Қабдраш
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Ғабдолла Бейсембаев, ардагер, қоғам