Бұл туралы агенттікке Павлодар қаласы мәдениет бөлімі тілдерді дамыту секторының бас маманы Данагүл Озыхан мәлім етті.

- 28-маусымда Павлодар қаласының құрметті азаматы Арман Қанидың Володарский көшесін – Олжабай батырдың атына беру жөніндегі ұсыныс түсті, - деді Данагүл Озыхан. – 29-маусымда Павлодар қаласы «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық қорының төрағасы Байғабыл Майкотов Суворов көшесін – Малайсары батырдың атына ауыстыру туралы сұраныс жолдады. Ал, Павлодар зиялылары Айманов пен Торайғыров көшелерінің қиылысынан Омбы тас жолына дейінгі атаусыз көшені Баян батыр атымен атауды ұсынып отыр.

Бөлім маманы бұндай өтініштер аталмыш бөлімде бір айға жуық уақыт қаралатынын жеткізді. Сол уақыт аралығында мамандар көшелердің құжаттарын жинастырады. Аты берілген тұлғалар жөнінде биографиялар, түсініктеме жазбалары жинастырылады. Экономикалық шығындар, ғылыми сараптама актісі шығарылып, қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының қарауына берілу үшін қалалық әкімдікке жолданады.

- Бізге көп өтініштер түседі, - деді Данагүл Озыхан. – Адамдар көшелердің атауын ауыстыруды сұрайды. Мысалы, ҰОС ардагерінің атына беруді ұсынады. Алайда, бізге Президент Әкімшілігінен нақты кімдерге көше атауы берілетіндігі жөнінде келіп түскен тізім бар. Оған батырлар, жазушылар, ақындар сынды Қазақстан Республикасының дамуына үлес қосқан қайраткерлер енген. Әрине, біз көшені ардагер атына беру бойынша жұмыстарды жүргізе аламыз. Бірақ, жоғары деңгейде қарайтындар ол жұмысты ысырып тастайтын болады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Павлодар қалалық мәслихаттың комиссиясының қарауына барлық құжаттар жинақталып жолданды. 13-тамыз күні сағат 15:00-де «Колос» орталығында көшелердің атауын өзгерту жөніндегі қоғамдық тыңдау өтеді.

Дулат Райымбек

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, көше атауы, қоғам