Болат Бақауов Шалдай ауылына келгеннен кейін алдымен орталық ауыз су жүйесінің құрылысын қарап өтті. Ауыз судың 35 шақырымдық жұмысына екі ай бұрын кіріскен. 850 млн теңге тұратын объектіні 2019 жылы тапсыру жоспарланған.

- Қазіргі кезде суқұбыры негізгі трассасы 15 шақырымға орнатылған, - деді Шарбақты ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің жетекшісі Равиль Гумаров. – Трубалардың 30 пайызы үйлерге дейін жеткізілген. Егер бұрындары жергілікті тұрғындар әрдайым санитарлық талаптарға сай бола бермейтін шахта құдығының суын пайдаланса, сү жүйесі іске қосылғаннан кейін ауылдықтар таза су ішетін болады. Бүгінгі таңда Шарбақты ауданының Александровка, Алексеевка, Жаңаауыл және Орловка ауылдарында тағы төрт су жүйесі салынуда.

Оған қоса, өңір басшысы биыл жаңа үйден пәтер алған тұрғындармен кездесті. Шағын отбасы жатақханасының жаңа қоныстанушылары – Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен «Дипломмен ауылға» және тағы басқа бағдарламалар арқылы келген жас мамандар атанды.

- Біз күйеуімізбен Павлодар қаласынан көшіп келіп, ауылдық мектепте жұмыс жасаудамыз, - деді жаңа үйдің тұрғындарының бірі Махаббат Орынбасарова. – Қызымызды өсіріп отырғандықтан баспана мәселесі біз үшін өзекті болды. Сондықтан бұл сұрақтың шешілгеніне қуаныштымыз. Ауылымыз жыл сайын жақсы бағытта өзгеріп жатқандығы байқалады.

Сонымен қатар, облыс әкімі Шалдай ауылындағы 2016 жылы ашылған психикалық-неврологиялық орталықта болды. Бүгінде медициналық-әлеуметтік мекеме штаттық тәртіпте жұмыс жасауда. Бір сәтте 240 психикалық мүгедекке қызмет көрсетеді. Атап өтерлігі, бұнда қызмет етуге облыс орталығынан да келуде. Сол себепті, Болат Бақауов орталықтың қасында қараусыз тұрған үйлерді мекеме жұмыскерлеріне беруді ұсынды.

Дулат Райымбек

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Шарбақты ауданы, Шалдай, экономика