Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Сондықтан, мемлекеттік кірістер департаментіндегі мамандардың функционалдық міндеттерін қайта қарау керек. Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов осылай деді.

Мәселен, департамент штатында 643 мемлекеттік қызметкер бар. Оның ішінде 145-і құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жазаға тартылған. Тағы 3-уіне қатысты сыбайлас жемқорлық дерегімен іс қозғалған.

«Халықтан келіп жатқан арыздар жайдан-жәй емес. Міндеттердің нақты анықталмауы - үлкен мәселе. Сондықтан осы департамент қызметкерлерінің немен айналысатынын, функционалдық қызметтерін ерінбей қарап шықтым. Жалпы, мұнда штатта және штаттан тыс 700-ден астам адам жұмыс істейді екен»,-деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Аймақ басшысының айтуынша, әр басқармадағы басшы мен бас маман және жетекші маман - бәрі бірдей міндетті атқарады.

«Мәселен, тәуекелдерді талдау басқармасы басшысының қызметін алып қарайық. Функционалдық міндеттерінің осы басқармадағы тәуекелдер бөлімінің басшысынан еш айырмашылығы жоқ. Бірдей. Кім жауап береді? Бас мамандыкі де бірдей. 3 адам бірдей іспен, бірдей мәселемен айналыса ма?»,-деп таңданысын білдірді облыс әкімі.

Тіпті әртүрлі басқарма бас мамандарының қызметтері де бірдей болып шықты.

«Мемлекеттік кірістерді талдау бөлімінің бас маманы мен салық әкімшілігін талдау бөлімі басшысының міндеттері бірдей. Әртүрлі бөлім. Бірақ бір функционалды қызмет жазылған. Біреуін ғана оқып берейін, «селекторлы жедел кеңес отырыстардың материалын әзірлеу» деп жазылған. Бұдан басқа да маңызды міндеттер көп қой»,-деді әкім.

Облыс бойынша салық түсімі толық орындалмай отыр. Сондықтан, аймақ басшысы бұған қызметкерлердің нақты міндеті жоқтығы, олардың жұмысына салғырттығы бір себеп дей келе, мамандардың функционалдық міндеттерін қайта қарауды облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Әсел Балманова мен ҚР МҚІСЖҚІ агенттігінің МО бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназароваға тапсырды.

Ал, өз кезегінде Нұргүл Жанназарова аталған департамент мамандарының кемшілікке жиі жол беретінін атап өтті.

pavlodarnews.kz

Тэги: