Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

«Біз VI Съездің қатысушылары - бейбітшілікке, келісім мен жасампаз ынтымақтастыққа бірлесе жұмылған әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың басшылары» деп басталатын декларацияның қатысушылары келесідей келісімдерге дайын екенін білдірді.

Атап айтқанда, съезге қатысушылар ұзақмерзімді тұрақтылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алуға күш салуға, әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының халықаралық және қоғамдық институттармен, үкіметтермен серіктестігін нығайтуға келісіп отыр. Сонымен қатар дініне, діліне, тілі мен жынысына қарамастан, барлық азаматтардың құқығына құрметпен қарауға, дінаралық және конфессияаралық диалогты нығайтуға арналған бастамаларды қолдауға, құқығы тапталған барлық діни топтар мен этникалық құрамдарға ниеттестік білдіруге, барлық БАҚ пен саяси қайраткерлерді дін мен терроризм бірдей деген түсініктен бас тартуға шақыруға, дініне қарап қоғамды бөлуге жол бермеуге уағдаласты.

«Съезге қатысушылар әлемдік құндылықтарды алға жылжыту үшін әлемдік дін басшыларын жұмылдыруға, діни орындарда, сонымен бірге Иерусалимде түрлі алауыздықтарға жол бермеуге, өркениетаралық, дінаралық және мәдениетаралық диалогты қарастыратын барлық институттар мен бастамаларды қолдауға даяр. Сонымен бірге, қатысушылар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бейбітшілік пен келісім жолындағы жаһандық процеске қосқан үлесі үшін «Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған конфессияаралық және өркениетаралық диалог орталығын» құруды қолдауға дайын», - делінген декларацияның мәтінінде.

Сонымен қатар делегаттар бейбітшіліктің дәстүрлерін көтермелеуге, адамзаттың бірлесе өмір сүруі үшін өркениеттер мен діндердің жақындасуына сеп болуға, жастардың радикалданбауы үшін үкіметтерге жұмысты күшейтуге шақыруға, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезін Астанада өткізуге келісті.

«Біз осынау күрделі кезеңде сенімі мен мейірімді ниеті бар барлық адамдарға бірлесіп, біздің ғаламдағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуде жауапкершілікті енгізуге шақырамыз», - деп аяқталады декларация.

Еске сала кетсек, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі Астанада 10-11 қазан күндері өтті. Алқалы жиынға барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, сонымен қатар беделді діни лидерлер, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысты.

Бүгін съез жұмысы аяқталып, оның қорытындысы бойынша декларация қабылданды.

pavlodarnews.kz

Тэги: