Үш баланың анасы Ұлыстың ұлы күні мерекесіне орай ішіне балқаймақ пен қоспа қосылған әрі сырты шоколадпен қапталған тәттілер шығаруды көздеп отыр.

- Ежелден ата-бабамыздан қалған тағамның адам азғасына қаншалықты пайдасы зор екені белгілі, - дейді ол. – Сондықтан үйде қоспа, құрт сияқты ұлттық дәм дастарханнан арылмайды. Ауылдан арнайы алдырып отыратын едік. Бір күні қалада өскен отбасылық жолдасымыз ұлттық тағамдарды дүкеннен сатып ала алмайтынын, себебі, эстетикалық тұрғыдан безендірілуіне көңілі толмайтынын айтты. Содан неге өзіміздің ұлттық кәмпит түрінде шығармасқа деген ой пайда болды.

«Қазақ филологиясы» мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірген Айнұр Темірова мектепте сабақ беріп, медицина саласында тіл маманы ретінде жұмыс істеген. Декреттік демалысқа шыққаннан кейін бір кәсіппен айналысуға бел буған. Бастапқыда қоспаны кәмпит түрінде шығарып көрген соң, интернет арқылы ресейлік мамандарға хабарласып, шоколадты дайындау әдістерін үйренген.

- Шет елден келетін шоколадтардың ішінде адам ағзасына зияны бары да кездеседі, - дейді болашақ кәсіпкер. – Мысалы, жент асқазанға скраб түрінде әсер етіп, ішек жолдарын тазартады. Бұған қоса, диірменнен өткізілген бидай тойымды келеді. Сондықтан өзіміздің отандық ұлттық өнімді насихаттауға тырысу керек. Тәттіге қажетті талқан мен қоспаны Ақтоғай ауданынан алдырамын. Бидай мен талқаннан жент жасап, жаңғақ пен мейіз саламын да сыртын шоколадпен қаптаймын. Бұл істі қола алмас бұрын жан-жақты ізденіс жүргіздім. Әзірге қаптамаға байланысты біраз қиындықтар бар.

Қазіргі таңда ол «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 3 млн теңге грант алуды жоспарлап отыр. Бұл қаржыға шағын цех ашып, шоколад жасауға және қалыпқа келтіруге арналған машина сатып алмақ.

- Қолмен жасалатын тәттілердің бағасы да жоғары болады, - дейді Айнұр Темірова. – Дегенмен, қарапайым халық үшін қолжетімді болғанын қалаймын. Тапсырыстың басым бөлігі Астана мен Қызылорда өңірлерінен түседі. Көбінесе эстетикалық жағына қызығушылық білдіріп, шеттен келген қонақтарға ұлттық бренд ретінде ұсынуды жөн көреді. Батыс Қазақстан облысында жент қосылған тәттілер шығару жақсы жолға қойылған. Ал, қоспа мен балқаймақ қосылған кәмпит елімізде өндірілмейді. Сондықтан осы тәттілерге патент алу ойымда бар. Көпшілік дүкеннен дайын өнімді сатып алуға үйреніп қалған. Алла бұйыртса, барынша адал әрі таза өнім шығарғым келеді.


Ақбота Сейсенбаева

Фото: Дархан Өмірзақов, Айнұр Темірова

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, экономика, қоспа, кәмпит, "Бизнестің жол картасы-2020", рухани