Бұл мәселе Қ. Әбусейітов атындағы мәдени-ойын-сауық орталығында Павлодар әкімі Әнуар Күмпекеевтің қатысуымен өткен төтенше жағдайлар жөніндегі қалалық комиссиясының отырысында сөз болды.

Қалалық төтенше жағдайлар қызметі басқармасының бастығы Ринат Валишанов жиылғандарды судағы қауіпсіздік көрсеткіштері мен биылғы шомылу маусымына даярлық жұмыстарымен таныстырды. 2018 жылы Павлодарда үш ресми жағалау жұмыс істеді: Орталық (Лермонтов), Усолка және жекеменшік ИП Ломакин.

- Өкінішке орай, суда шомылу кезінде қайтыс болғандар саны артуда, - дейді Ринат Валишанов. – 2017 жылы үш адам қайтыс болса, 2018 жылы жеті адам, оның ішінде төрт бала суға батты. Биыл жедел-құтқару жасағының қызметшілері шомылу маусымына дайындық аясында буйлар орнатылып, жағажайлар маңдарындағы су түбі тазартылды.

Ринат Валишанов қала әкімінен қосымша құтқарушылар пунктерін ашуға көмектесуді өтінді. Оның айтуынша, қазіргі судағы қауіпсіздік ережелеріне сәйкес жағажайдың әрбір 200 метріне үш қызметшіден тұратын құтқару пункті жұмыс істеуі шарт. Бұл мақсатқа жеті-сегіз миллион теңге қажет.

Қала басшысы Әнуар Күмпекеев дәл шомылу маусымы басталар тұста қосымша қаражат бөлу мәселесінің күрделілігіне қарамастан, көмек көрсетуге уәде берді.

- Мен бұл бастаманы қолдаймын. Өте қажет іс. Көмектесеміз, - деді Әнуар Күмпекеев.

Оған қоса, қала басшысы Павлодар ауылында ресми жағажай ұйымдастырудың мүмкіндігін қарастыруды ауыл әкіміне тапсырды. Ал бұл мәселе шешілгенге дейін аталған ауылда судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді төтенше жағдайлар басқармасы бастығына бұйырды.

Айбек Жұматов

Фото: Павлодар әкімінің баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: судағы қауіпсіздік, төтенше жағдайлар қызметі, ТЖҚ, Әнуар Күмпекеев, шомылу маусымы