Қалалық ТҮКШ бөлімінің жолдарды жөндеу секторының меңгерушісі Николай Казаниннің айтуынша, Ладожская және Торайғыров көшелері аралығындағы жолға асфальт төселген. Мердігер ұйым 280 мың шаршы метр аумақта асфальт төсемін ауыстырды. Бұдан бөлек, жаңартылған даңғыл бойында ұзындығы 10 шақырымнан астам велосипедшілерге арналған жол пайда болады.

– Велосипедпен жүретін тұрғындарға арналған жол термопластиктен жасалған қос тұтас жолақпен бөлінеді. Оның пайдалану мерзімі әдеттегі бояудан артық болады, - дейді Николай Казанин.

Қазірден бастап веложолға қатысты сәйкес жолбелгілері орнатыла басталды. Сондай-ақ, қозғалыс бағытын көрсететін трафареттер салынады.

Маманның сөзіне сүйенсек, мердігер ұйым жолтөсемінің сақталуына екі жыл кепілдік береді. «Павлодар су желілері» ЖШС немесе «Павлодарэнерго» АҚ желілерінің жөндеу жұмыстары жүргізілген учаскелерде ойықтар мен шөгінділер пайда болса, сол жердегі асфальт монополистер есебінен қалпына келтіріледі.

 Адель Төлебаева

Фото: Павлодар қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам