Қалалық ТҮКШ бөлімі көріктендіру және жасылдандыру секторының бас маманы Арман Құсайынов саябақтағы 1700 шаршы метрге ұсақ тастар төселетінін атап өтті.

- Аллеяда көп жылдан бері жөндеу жұмыстары жасалмаған, - деді Арман Құсайынов. – Жүргінші жолы ескірген. Тұрғындар тарапынан өтініштер түскеннен кейін шешім қабылданды. Ағымдағы жөндеуге 22 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қазіргі кезде ұсақ тастар төсеу үшін дайындықтар жасалуда. Саябақтың жалпы көлемі 4 мың шаршы метрге жуық болса, ұсақ тастар 1700 шаршы метрге төселеді. Жұмысты «Бонус Строй» ЖШС мердігер ұйымы жүргізуде. Мердігер жөндеу жұмысы біткеннен кейін де саябаққа бақылау жасайтын болады.

Саябақта 20 орындық пен қоқыс жәшігі қойылады. Сондай-ақ жарықтандыру шамдары да орнатылмақ. Қосымша көшеттер отырғызылуы мүмкін. Жұмыс шілде айының соңына дейін аяқталады.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта ТҮКШ бөлімімен тағы 4 саябақтың жөндеу жұмысы бойынша келісімшарт жасалған.

- Қаламызда Сәтбаев көшесі бойынша Лермонтов пен Торайғыров көшелерінің аралығындағы, Естай атындағы мәдениет сарайы мен Инвесторлар үйінің аралығындағы және педагогикалық колледж маңындағы, Толстой - Генерал Дүйсенов көшелерінің қиылысындағы саябақ жөндеуден өтеді, - дейді Арман Құсайынов.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, саябақ, жөндеу