Биыл Президенттік олимпиада жаратылыстану – математикалық бағыттағы математика, физика, биология және химия пәндерді қамтиды.

Әдістемелік бөлім меңгерушiciнiң мiндетiн атқарушы Сарбиназ Шәріпованың айтуынша, олимпиаданың басты мақсаты - оқушылар арасында аталған пәндер бойынша дарынды оқушыларды айқындап, оларға оңтайлы жағдай құру, білім алушылардың әрі қарай зияткерлік дамуы мен кәсіби бейімделуіне көмек көрсету, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқуға қызығушылығын арттырып, теориялық білімдері мен іскерлігін тереңдету.

Аталмыш білім додасына қаламыздың 24 мектебінен 11 сыныптардың 53 оқушысы қатысты. Олар мектеп ішінде өткізілген іріктеуден өткен белсенді оқушылар.

- Осы олимпиада қорытындысын ЖОО-ның оқытушыларынан, ғылым кандидаттарынан тұратын қазылар алқасы бағалайды, - деді Сарбиназ Шәріпова. – Осы байқаудың қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен 10 оқушы облыстық кезеңге қатысады. Олимпиаданың әрбір қатысушысы төрт пән бойынша тапсырма орындайды. Математика пәнінен - 90 минут, физика – 120 минут, биология – 30 минут және химиядан 90 минут уақыт беріледі. Ал қорытындысы бүгін кешке шығарылады.

Қатысушылардың бірі – Мұхаметжан Қазбеков. Ол № 35 мектебінің 11 сынып оқушысы.

- Жоғарғы сыныпқа көшкеннен бастап физика математика бағыты бойынша жарыстарға қатысып жүрмін, - дейді Мұхаметжан Қазбеков. - Менің болашақ мамандығым осы пәндермен байланысты. Сондықтан да Президенттік олимпиадаға қатысуды жөн көрдім. Осы жолы ұстаздарымның қолдауымен химия, биология пәндерінен де сынға түсемін. Бұл олимпиадаға жаз бойы дайындалдым. Тек мектеп ішінде ғана емес, қосымша арнайы курстарға барып білімімді шыңдадым. Республикалық кезеңге өтіп жатсам, Павлодардың намысын қорғауға бар күшімді саламын.

Айта кетейік, олимпиада үш кезеңмен өткізіледі: I кезең - қалалық, II кезең - аймақтық, III кезең - республикалық.

Айгүл Жүсіпова 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, олимпиада, оқушы, білім, мектеп