Турнирге облысымыздың сәйгүліктерінен бөлек, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Семей, Тараз, Өскемен және Алматыдан келген жүйріктер қатысты. Көрермендер ат спорты түрлерінен 24 шақырымдық аламан бәйге, 2,4 шақырымдық майда жарыс, 14 шақырымдық негізгі бәйге және 8 шақырымдық жорға жарыстарын тамашалады.

Қалалық ашық турнирді тамашалауға Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов келді. Аймақ басшысы 30-ға жуық спортшы қатысқан жаппай көкпардан күш сынасып көрді.

Бұл жарыста Тараздан келген Ислам Раб үздік шықты. Ең қиын және ұзақ қашықтықта жеңісті алматылық 12 жастағы Нұрболат Сметай «Сенім» атты тұлпарымен еншіледі. Оның айтуынша, ол ат спортымен үш жылдан бері айналысып келеді.

- Көңіл-күй өте керемет, - дейді Нұрболат Сметай. – Мен үшінші жыл қатарынан бәйгеге қатыстым. Жылқы Павлодардікі. Былтыр осы атыммен көлік ұтып алғанбыз. Бұл жолы 1 миллион теңге олжаладық.

Ашық қалалық турнирде қомақты ақшалай сыйлықтардан басқа, үш Lada автомобилі мен мотоцикл жүлдеге тігілді.

Дулат Райымбек
Фото: Константин Музалевский

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ат жарыс, бәйге, спорт