Білім ордасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, облыс әкімдігі мен Назарбаев Зияткерлік мектептері арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум шеңберінде өткізіп отырған онкүндіктің мақсаты - мұғалімдердің кәсіби дамуын қолдау, мектеп, қала, облыс мұғалімдерінің желілік қоғамдастығында тәжірибені тарату.

Ашық сабақтар барысында НЗМ-нің 52 мұғалімі әртүрлі пәндер бойынша қала және облыс мектептерінің 180 ұстазымен өз тәжірибелерімен бөлісті.

- Зияткерлік мектепке екінші рет семинарға келіп отырмын, - дейді Павлодар қаласының №41 жалпы орта білім беру бейіндік мектебінің қазақ тілі мұғалімі Гаухар Сагиева. - Былтыр да семинарға қатысып, үлкен тәжірибе алған болатынмын. Биыл міне ашық сабақтар онкүндігіне қатысудамын. Жалпы, сабақтар өте керемет өтіп жатыр. Тукай Ботакөздің сабағына қатыстым, ол кісі сабақ барысында жаңаша әдістерді жақсы қолданды. Мысалы, «Акроөлең» әдісі, «Алтын жұлдыз тарату» әдісі, «Рафт» стратегиясы. Ұстаз осы әдістер арқылы қазақ тілі мен әдебиеті сабағына балалардың қызығушылығын арттыра білді және балалардың тілдік білімдерін жоғарғы деңгейге көтерді деп ойлаймын. Осындай сабақтар жиі өткізілсе деймін. Бізге, әсіресе біз сияқты жас мамандарға керемет үлгі, біз де осындай деңгейге жетсек екен деп армандаймыз.

Сонымен қатар, №19 жалпы орта мектебінің ұстазы Шынар Каппаева «Заңнамада отбасы қалай қорғалған?» тақырыбындағы құқық сабағында мұғалімнің өзін-өзі ұстауы, сыныппен қарым-қатынасы, оқушылардың сабаққа белсенді қатысуын ерекше атап өтті.

- Сабақта өмірмен байланысты тапсырмалар жиі кездесті және зерттеушілік, ізденіске құралған тапсырмалар оқушылардың жас ерекшелігіне сай ұйымдастырылды. Сабақ өте қатты ұнады. Сабақты жүргізген Гүлмира Қасеноваға алғыс білдіремін, - деді Шынар Каппаева.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, мектеп, мұғалім, NIS