Суретші-экспозиционердің айтуынша, Лефкоша қаласындағы Таяу Шығыс университетінде ұйымдастырылған аталмыш шарада Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Чуваш, Молдавия, Беларусь, Украина, Германия мемлекеттерінің қылқалам шеберлері бас қосқан.

- Ертіс өңірінен төрт адам – Жеңіс Молдабеков, Зура Асылғазина, Андрей Оразбаев және мен бардым, - дейді Тұрар Түсіпұлы. – Танымал кәсіпкер Суат Гюнсел мырзаның қолдауымен өтіп жатқан шараның мақсаты - түркітілдес халықтардың мәдениетін көтеру. Биылғы жылы 15-25 тамыз аралығында сол жақта сурет салған болатынмын. Бұдан кейін 40 күнге келісім бойынша жұмыс істеуге алып қалып, жеке көрмемді ұйымдастырып берді. Көрмеге қойылған 14 жұмысымның барлығы музейдің алтын қорына енгізілді.

Суретшінің туындылары қазақтың фольклоры, реализм, абстракционизм, постинтернационализм, декоративті-қолданбалы стильде орындалған. Өзінің өнер туындылары үшін суретші арнайы сертификат пен күміс кілтке ие болған. Мұндай марапат келесі жылы да Кипрге барып, жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол 2020 жылы қараша айында түркітілдес халықтардың өнер музейінің ашылуына қатысуды жоспарлап отыр.

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Тұрар Түсіпұлы 1984-1988 жылдары Павлодар және Ақтөбе мәдени-ағарту училищелерінде суретші-безендіруші болып жұмыс істеген. Облыстық, республикалық, халықаралық көрмелердің қатысушысы.

Облыс орталығындағы музыкалық колледждің алдындағы қобыз және домбыра сәулет композицияларының, Май ауданындағы Абылай ханның серігі болған Тілеуқабыл батырға қойылған ескерткіштің авторы.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Жеңісбек Қадырұлы

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, мәдениет