Екібастұз қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Талғат Сәкеннің айтуынша, Алатау түбінде өткен аламанға алты спортшы жолдама алған. Оның үшеуі 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатына қатысса, үшеуі кадет жастарын қабылдаған халықаралық турнирде бақ сынады. Олардың барлығы Екібастұз қаласындағы №1 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде тәрбиеленеді.

- №21 орта мектептің 9-сынып оқушысы Әли Узаханов ҚР чемпионатының авсолютті чемпионы атанды. Ол жарыстың екі түрі бойынша өнер көрсетіп, екеуінен де бірінші орын жеңіп алды. Сондай-ақ, №5 орта мекмептің 11 сынып оқушысы Владимир Септ пен № 2 орта мектептің 10 сынып оқушысы Әлемхан Сапар өз салмақтары бойынша бірінші және екінші орындарды еншіледі, - дейді Талғат Сәкен.

Сонымен қатар, кадеттер арасында өткен халықаралық турнирде шеберлік көрсеткен жерлестеріміз де құр қол қайтқан жоқ. №2 орта мектептің 6-сынып оқушысы Гүлжамал Мырзахан қоржынға бір алтын салса, №10 орта мектептің оқушылары Алина Шакилова мен Расул Шакил қола жүлделерді қанағат тұтты. Жалпы, жарысқа жолдама алған алты спортшының барлығы жүлделі орындарға ілінді. Айта кету керек, спортшылардың облыс намысын абыроймен қорғауы  - олардың жаттықтырушысы Азамат Шакиловтың еңбегінің нәтижесі деуге болады.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz