Павлодар облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жарысқа қатысушыларды қолдауға аудан тұрғындары, ҚР ІІМ ардагерлері, мектеп оқушылары және Тереңкөл ауылындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері жиналды.

Жарыстың салтанатты ашылунда облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Құрманғали Ысмағұлов жиналған қауымды Қазақстан полициясының мерейтойымен құттықтады.

- Аталмыш жарыстың мақсаты - жас ұрпаққа қазақстандық патриотизмді насихаттап, полицейлердің кәсіби шеберлігі мен спорттық біліктіліктерін шыңдау, - деп атап өтті ол.

Жарысқа қатысушылар бес салмақ дәрежесінде күш сынасты. Қорытындысы бойынша  62 келі салмақ дәрежесінде Ақтоғай ауданынан келген Серік Балтабаев жеңімпаз атанса, 68 келі салмақта бірінші орын Качир ауданы ІІБ Штаб инспекторы, полиция аға лейтенанты Дмитрий Маршининге бұйырды. 74 келі салмақта бірінші орынға Качир ауданы ІІБ инспекторы, полиция аға лейтенанты Қайыржан Алегожин ие болса,  82 келіде Качир ауданы ІІБ полиция капитаны Берік Каткенов жеңімпаз атанды. Ал, 82 келіден жоғарғы салмақтарда полиция аға лейтенанты Куаныш Жаябаев топ жарды.

Ал жауынгерлік қаруды бөлшектеп-жинауда шапшаңдық танытқан Ақтоғай ауданы ІІБ жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандар ісі бойынша учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Азамат Уәлиев жеңіске жетті.

Командалық есепте Качир ауданы ІІБ командасы жеңіс тұғырынан көрініп, кубоктың иегерлері атанды. Павлодар ІІБ командасы екінші, Ақтоғай ІІБ ұжымы үшінші орынды қанағат тұтты.

pavlodarnews.kz