Бұл туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері Әлпеш Рахымберді айтты.

- Бүгінгі таңда музей экспонаттарын орналастыру макеті дайындалды, - дейді Әлпеш Рахымберді. – Макетті дайындауға Шапық Шөкиннің ұлы Қанат Шөкин демеуші болып, 250 мың теңге бөлген. Орындаушы - «RAINBOW-KZ» ЖШС. Ұйымдастырушы - Жаңажол ауылының тумасы, Алматы қаласы ҚР БҒМ Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Бағдат Дүйсенов. «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС-нің бас директоры М.В.Әбішевке және «Samruk-Kazyna Trast» әлеуметтік жобаларды дамыту қорына қаржылай көмек көрсету туралы хат жолданды. Қаражат мәселесі шешілсе, музейдің ашылуы 2020 жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр. 

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы Жаңажол орта мектебінің директоры Сәбит Кенжалинның айтуынша, жаңадан ашылатын мұражай бұрын 1993 жылы 27 қарашада Мәшһүр Жүсіп мұражайы ретінде іске қосылған.

2016 жылдың 19 тамызында Мәшһүр Жүсіп кесенесі жанынан мәдени-қонақ үй кешені ашылғаннан кейін Мәшһүр Жүсіп мұражайының экспонаттары Ескелдіге көшірілген.

2019 жылы кесене жанынан мұражайға жеке ғимарат салынған және ол Қ. Сәтбаев атындағы музейдің қарамағына қарайды.

- Ал ауылдағы бос қалған бұрынғы мұражай мектептің балансына берілген болатын, - дейді Сәбит Кенжалин. - Енді бұл мекемені  заманға сай жабдықтап, мектеп жанындағы Шапық Шөкин атындағы тарихи-өлкетану мұражайы ретінде қайта ашу жоспарланып отыр. Алматыдан Шапық Шөкиннің бюсті мен жұмыс үстелі әкелінеді. Музейлік маңызы бар заттар мен материалдар жиналмақшы. Оның ішінде негізгі қор, ғылыми көмекші қорлар болады. Мұражай қорын экспонаттардың ішіндегі құнды заттар Жаңажол ауылының құрылған кезінен бастап, осы күнге дейінгі елдің адамдары тұтынған заттар құрайды. Ауылдан шыққан танымал тұлғалар және ауылдың дамуына үлес қосқан азаматтардың пайдаланған заттары мен арнайы бұрыштар жасалады.  

Еске сала кетейік, Шапық Шөкин Жаңажол ауылының тумасы, Қазақстан ғылымының көш басында болған ғұлама ғалым, Қазақ энергетика ғылымының негізін салушы, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Президенті, ҚР ҰҒА академигі, КСРО, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының, Қ.И. Сәтбаев атындағы мемлекеттік сыйлықтың, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Халық қаһарманы».

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы Жаңажол орта мектебі

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Баянауыл ауданы, мәдениет