Депутаттар коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі кезінде қарастырылуы кейінге шегерілген 13 сұрақты талқылады. Халық қалаулылары бірінші кезекте 2019 жылғы бюджеттің орындалуына тоқталды.

Қалалық қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Бектасова хабарлағандай, жалпы алғанда бюджеттің орындалуын оң бағалауға болады.

- 2019 жылға арналған түзетілген қалалық бюджет 85,4 млрд теңгені құрады, - дейді Алтынай Бектасова. – Бюджеттің кіріс бөлігі 100,6% немесе 537 млн теңгеге артық, ал шығыс бөлігі 99,9%-ға орындалды. Облыс орталығы қарамағындағы ауылдық округтердің 4-деңгейлі бюджетті орындауы 101,6%-ды құрады. Барлық бес ауылдық округ шамамен 15 млн теңгеге артық кіріске ие болды.

Алтынай Бектасованың айтуынша, бюджеттің шығыс бөлігінің зор бөлігі білім беру, құрылыс, ТҮКШ және әлеуметтік қорғау салаларына бөлінді. Аталған бағыттағы бөлімдер мемлекеттік бағдарламалардың негізгі әкімшілері болып табылады.

Десек те, облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Раздық Оралов атап өткендей, қалалық бюджетті орындау кезінде бірқатар олқылықтар анықталды. Мәселен, құрылыс бөлімінің балансында өзі қызмет көрсетпейтін 10 млрд теңгеден астам сомаға 8006 нысан болған.

- Бұл ғимараттар 2019 жылдың басында-ақ қызмет көрсететін ұйымдардың балансына көшірілуі тиіс еді, - дейді Раздық Оралов. – Алайда, іс тек осы айда ғана орындалды. Бұл - құрылыс бөлімі жіберген үлкен олқылық.

Одан басқа, Раздық Оралов облыстық тексеру комиссиясы қазіргі кезде Павлодар мектептерінің материалдық-техникалық қамсыздандырылуының жай-күйін зерттей бастағанын айтып өтті. Соңғы рет бұл іс 2017 жылы атқарылған көрінеді.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: экономика, бюджет, Алтынай Бектасова, 4-деңгейлі бюджет, құрылыс