Осыған байланысты Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев төтенше жағдайлар департаментінің арнайы тобымен Баянауыл ауданының су басуы ықтимал елді мекендерін тікұшақпен аралап шықты.

 

 

Аймақ басшысы жеке бақылауына алған мәселе бойынша сағат сайын мониторинг жасап, ауыл тұрғындарымен байланысты үзбеуді тапсырды. Сонымен қатар Қанат Бозымбаев барлық қызмет-ұйымдарға жағдай реттелгенге дейін апаттан құтқару жұмыстарын жүргізуді және елді мекендерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды.

 

 

 

 

 

Жедел шара қабылдаудың нәтижесінде қауіп сейіліп, көшірілген адамдар үйлеріне оралды.
Сонымен қатар Қараащы ауылындағы үйінді қиыршықтаспен және бетон блоктармен бекітілді. Қазіргі таңда аталмыш елді мекендерде тиісті жұмыстар атқарылуда.

 

 

 

 

 

 

 

 

Өңірдегі төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Әлібек Длимовтың айтуынша, қазіргі таңда Баянауыл ауданындағы жағдай тұрақталған. Дегенмен Қарағанды облысы Бұқыр жырау ауданындағы Қаратоқа және Ақжар су қоймасынан келетін су және қардың күрт еруіне байланысты жағдай күрделене түскен.

 

 

 

- Қараащы және Теңдік ауылдарының тұрғындарына алаңдауға негіз жоқ. Жағдай - тұрақты. Қардың қарқынды еруі салдары мен қарағандылық су қоймаларынан сарқырап аққан қызыл су Теңдік ауылының 10 тұрғын үйі мен 9 шаруашылық нысанын басып кетті. Осыған байланысты 100-ге жуық ауыл тұрғыны мен 200-ге жуық ірі және ұсақ қара мал қауіпсіз жерге көшірілді, - дейді департамент басшысы.

 

 

 

 

 

 

Еске сала кетсек, Ертістің Павлодар облысында су басуы ықтимал 14 ауыл бар. Тарқытап айтсақ, Павлодар қаласына қарасты Ленин, Кенжекөл ауылдары, Баянауыл ауданының Тендік, Қараащы, Көкдөмбақ, Жаңажол, Жуаңтөбе және Ақши елді мекнедері, Лебяжі ауданының орталығы, Жамбыл және Широкое ауылдары, Павлодар ауданының Мичурин және Госплемстанция ауылдары, сонымен қатар Ақтоғай ауданында Шолаксор ауылы бар.
Әлібек Длимов айтуынша, қардың күрт еруінің салдарынан Ақтоғай ауданы Жалаулы, облыс орталығына қарасты Мойылды, Баянауыл ауданының Майқайың, Лебяжі ауданының Қазы ауылында, Успен ауданының Новопокровка ауылдарының тұрғын үйлерін су басу қаупі туындаған.
- Бұл елді мекендерде төтенше жағдайларды алдын алу бойынша жұмыс топтары жұмыс істеуде. Техника құралдары мен адам күші жеткілікті, - дейді Ә. Длимов.

Ақмарал Есімханова

Суреттерді түсірген - Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

pavlodarnews.kz