Бұл туралы  ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында   «Рухани жаңғыру: жаңа қазақ әліпбиі және мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы»  тақырыбында өткен семинар-кеңесте облыстық тілдерді дамыту басқармасының  басшысы Сәуле Османова айтты.

- Жаһандану заманында біз өзімізді ұлтымыздың төлтума мәдениетін сақтап, оны заман талабына сай жаңғыртып, жетілдіріп отыратын мәдени бәсекеге  қабілетті ұлт ретінде танытуға міндеттіміз, - деді Сәуле Османова. - Ол үшін ең алдымен ұл-қызымызды, жас ұрпақты ұлттық мәдениетпен сусындатып, ана тілінде тәрбиелеуіміз қажет. Облыс әкімі Болат Бақауовтың  мектепке дейінгі мекемелерін мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшіру бойынша берген тапсырмасы аясында  өңірлік жоспар әзірленген болатын. Осыған сәйкес қазақ топтарының саны артуда.

Басқарма ұсынған мәліметке сүйенсек, бүгінгі күні жалпы облыстағы қазақ балабақшаларында 1488 этнос өкілі тәрбиеленуде. 2016-2017 оқу жылында олардың саны 1051  бүлдіршінді құраған. Аймақтағы 177 балабақшаның  67-сі – қазақ тілді, 26-сы – орыс тілді, 84-і – аралас.

2017 жылы тілдік-туристік-мәдени бағыттағы «Тіл керуені» жобасы  аясында қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеуге ықпал ететін қазақша киіз үйлерде дәстүрлі емес түрде сабақтар  өткізілген.

Аталған жоба арқылы өңірде әртүрлі жастағы барлық санаттағы 200-ге жуық азамат оқытылған.

Бұдан басқа,  «Отбасымен бірге үш тілді үйренеміз» жобасы іске асырылды. Оқыту бағдарламасы халықаралық тәжірибені ескере отырып құрылған.  Нәтижесінде отбасы мүшелері тілдік ортаға ену арқылы бір мезгілде үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын) меңгереді.

Тәжірибелі ұстаздардың жаңа инновациялық технологиялары бойынша авторлық және шеберлік сабақтарына қатысады. Туған жерінің тарихымен, туристік әлеуетімен,  өлкенің құндылықтарымен, ұлттық әдет-ғұрыптарымен және  қазақтың ұлттық тағамдарымен танысып, ұлттық ойындар ойнатылады.

-  Жиын соңында философия ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Ғарифолла Есім және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы өз пікірлерін білдіріп, ұсыныс тілектерін ортаға салды, - дейді Сәуле Османова. -  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Борашев Павлодар өңіріндегі тіл мәселесіне және ономастика бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Әсіресе, мектепке дейінгі мекемелерді қазақ тілінде білім мен тәрбие беруге кезең-кезеңімен көшіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды ерекше атап өтті.

Ақбота Сейсенбаева

 

 

 

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам