Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиев айтты.

- Арнайы отырыс кезінде өзеннің жайылымдық жерлерінде судың көбірек тұруы туралы ұсыныс жасалды, - дейді басқарма басшысы. - Бұл өз кезегінде қатты мал азығының өсуі мен балықтың көбеюіне оң әсерін тигізеді. Мұндай өзгерістер қансорғыш жәндіктерге қарсы дезинсекциялық жұмыстарды уақытында жүргізуге және Павлодар облысының аумағында шыбын-шіркейлердің жаппай көбеюінің алдын алуға бағытталған. Су босату 6, 00 текше шақырым көлемінде жүргізіледі. Негізгі босату шараларының ұзақтығы 18 тәулікті құрайды. Алты күн ішіндегі максималды көлем секундына 3500 текше метрді құрамақ.

Қадылжан Сәтиевтің айтуынша, су жайылымдық алқаптарға 22-24 сәуір аралығында жайылады деп күтілуде. Шамамен 30 сәуір - 1 мамыр аралығында су Павлодар қаласына жақындайды.
Бекітілген кестеге сәйкес үстіміздегі жылдың 10-15 мамыр аралығында Ертіс өзені өз арнасына қайта түседі деп жоспарлануда.
Шүлбі су қоймасынан босатылатын су Павлодар қаласына 10-11 тәулік ішінде келеді. Алдын ала болжам бойынша, жайылымдық жерлердің 75-80%-ын су басады.

- Су босату шаралары кезінде өзен суының деңгейін өлшеу жұмыстары күніне төрт рет жүргізіледі. Мердігер ұйым мен басқарма тіркелген мәліметтерді су босату штабына, облыс әкімінің аппаратына, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне жолдап отырады. Су босату кезеңінде өзеннің деңгейі 14 гидрологиялық бекетте өлшенеді. Табиғат қорғау мақсатында су босатудың ұзақтығы - 30 тәулік, - деді спикер.

Абзал Қабдраш

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Ертіс, су босату, қоғам