Бұл туралы Baq.kz тiлшiсi хабарлайды.

«Биыл ҰБТ 15-шi рет өткiзiледi. 15 жылдың iшiнде Ұлттық бiрыңғай тестiлеуге 1,5 миллионнан астам мектеп бiтiрушi қатысқан. Бұл барлық мектеп бiтiрушiлердiң 80 пайызын құрайды. 2017 жылға дейiн ҰБТ 3 функцияны атқарды. Бiрiншi - 11 жылдық оқуды аяқтайтын қорытынды ретiнде бiтiру емтиханы. Екiншi - жоғары оқу орындарына түсу емтиханы және үшiншi - бiтiрушiлерге мемлекеттiк гранттарды тағайындау механизмi. Өздерiңiз бiлесiздер, тестiлеудiң бұл форматы 2017 жылы өзгердi. Ендi, қорытынды атестаттау немесе бiтiру емтихандары мектепте өткiзiледi, ал ҰБТ жоғары оқу орындарына түсу және мемлекеттiк грантты тағайындау емтиханы болып қалып тұр», - дедi Е.Сағадиев.

Министр биылғы мектептегi бiтiру емтиханы 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өткiзiлетiнiн айтты. Оның дерегiнше, емтихан 5 пән бойынша, оның iшiнде 4 мiндеттi және мектептегi профилi бойынша бiр таңдаулы пән бойынша өтедi. Барлық емтихандар ауызша, жазбаша және тестiлеу түрлерiне бөлiнген. Бiтiру емтихандарының материалдарын Ұлттық тестiлеу орталығы дайындап, арнайы байланыс желiсi арқылы барлық облыстарға 25 мамырға дейiн жеткiзедi.

Сағадиевтiң айтуынша, 2018 жылғы ҰБТ форматы өзгермеген. Яғни, ол былтырғы жылғы форматқа сәйкес өткiзiледi. ҰБТ-ның өту мерзiмi, берiлетiн тест сұрақтарының саны да өзгерген жоқ. Ұлттық бiрыңғай тестiлеу 20 маусым мен 1 шiлде аралығында 187 ҰБТ өткiзу пунктiнде өтедi. Барлық тест сұрақтарының саны - 120, максималды бал - 140, шектi бал - 50, ал Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшiн 65 бал жинау қажет. Биыл тест сұрақтары 50 пайызға жаңартылған.

«Биылғы ҰБТ-ға қатысуға өтiнiш берген мектеп бiтiрушiлер саны - 102 мың 442 немесе жалпы бiтiрушiлер санының 70 пайызын құрайды. Оның iшiнде 75 пайыз қазақ тiлiнде, 25 пайыз орыс тiлiнде тапсырады. Былтырғы жылмен салыстырғанда ҰБТ-ға жазылған жалпы бiтiрушiлер саны 10 мыңға өсiп отыр. Министрлiк ҰБТ нәтижелерi бойынша мектептердiң рейтингiн жүргiзбейдi. Сондай-ақ, әкiмдердiң назарына: ҰБТ нәтижелерi бойынша жергiлiктi жерлерде жазалау шараларын қабылдамау қажеттiгiн арнайы айтқымыз келедi», - дедi Ерлан Сағадиев.

pavlodarnews.kz

Тэги: