Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Райысов айты.

- Бүгінгі таңда «Сарырарқа» шағын ауданында № 12, № 15, 27   және Ақсу қаласында Молодежная, 28 және 32 көшесіндегі тұрғын үйлердің құрылысы  белгіленген мерзімнен артта қалып отыр, - деді Рүстем Райысов. – Соның нәтижесінде баспаналарды уақытылы тапсырмау және бюджет қаржысын дер кезінде игермеу қауіпі төніп тұр.  Бұған қоса, негізгі индикаторлар бойынша меморандумдар орындалмай қалуы мүмкін. Оның ішінде Павлодар қаласында Лесная-Гагарин  көшелеріндегі «Қазақстан Алюминийі» АҚ, Ткачев көшесі, 18/1 «Павлодарэнерго» АҚ кәсіпорындары және Ақсуда «Қазхром» ТҰК» АҚ салып жатқан Строителей көшесі, 39 және 40 мекенжайындағы  тұрғын үйлер бар.

Облыс әкімі аймақта тұрғын үй құрылысы қарқынына көңілі толмайтынын айтып, үлгі ретінде бірнеше өңірді атап өтті.

- Биылғы жылы өңірде 300 мың шаршы метр баспана құрылысы жоспарланған, - деді облыс әкімі. - Оның  ішінде 166 мың метрі көппәтерлі тұрғын үйлер немесе 65 мың жеке тұрғын үйдің құрылысы. Республикадан қаржы аз бөлінеді деп айтамыз. Алайда бізбен салыстырғанда  қаражаттың аздығына қарамастан,  Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары, жеке тұрғын үйді  қолданысқа енгізу бойынша алдыңғы қатарда келеді. Өткен жылы өңірде бюджет қаражатына 38 үй берілген. Сонымен тыныш жатырмыз.   Мәселен,   СҚО - 74 мың шаршы метр, ШҚО - 110 мың шаршы метр, Қарағанды облысы - 130 мың шаршы метр және Алматы облысы 511 мың шаршы метр қолданысқа берген. Бүгінде Қызылорда облысында 600 мың шаршы метр  тапсырған. Тұрғындар саны бойынша біз сияқты қала.

Бұдан басқа, аймақ басшысы Павлодар қаласының әкіміне Дачный шағын ауданындағы үйлерді қолданысқа енгізуді тапсырғанын еске салды.

-   Осылайша екі мәселе шешімін табатын еді, - деді Болат Бақауов. - Көп жылдан бері саяжайдағылар  өз коттеджерін үй ретінде рәсімдей алмай жүр. Нәтижесінде тұрғын үйлерді қолданысқа енгізу  бойынша жоспар орындалар еді. Барлық саяжай  учаскелерін тіркеп,  211 мың шаршы метр  тапсырған Алматы облысы  алдыңғы қатарға шықты. Бүгінде  бізде «Сарыарқа» шағын ауданында 12,15, 27 тұрғын үйлер мен Ленин кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары  кестеден артта қалуда.

Бір жарым-екі айға  үлгермей жатқан «ДСК» компаниясы (бұрынғы «Тұрабай») құрылысты  20 шілдеде  аяқтауға уәде беріп отыр.

-   Сіз тіпті, күнге күймегенсіз,  - деді облыс әкімі  мекеме басшысына. - Құрылыс учаскесінде болсаңыз мен сияқты қараятын едіңіз. Кабинеттен шығып жұмыс істеу керек.  

Аймақ басшысы  жауапты тұлғаларға  биылғы жылы жоспарланған 300 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыру үшін барынша күш салуды тапсырды.

Ақбота  Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам