Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында кинорежиссер Людмила Лебедева мәлім етті.

- Шараның ашылуы мен жабылуы Eртіс Promenade сахнасында өтеді, - деді кинорежиссер. - Ал 12,13 және 14 шілдеде «Ертіс CINEMA» кинотеатрында іріктеуден өткен жұмыстар көрсетілетін болады. Жалпы көрсетілім уақыты 18 сағатты құрайды. Жұмыстар әр күнге бөлініп көрсетіледі. Әзірге кіру тегін, жоқ әлде ақылы бола ма екені белгісіз.

 Ұйымдастырушылардың айтуынша, жұмыстардың көбі орыс және қазақ тілінде ұсынылған.

- Қазақ тілінде көрсетілетін фильмдердің астында орыс тілінде субтитрлар болады және керісінше, - деді Людмила Лебедева. – Ал, шетелдік жұмыстардың көбі ағылшын тілінде түсірілген. Көрермендер оларды түсінуі үшін залда арнайы аудармашы жұмыс істейтін болады.

Людмила Лебедева  кинофестивальдің   арнайы мүсіншесі әзірленіп жатқанын атап өтті.

- Бүгін ғана  мүсіншенің жасалу сәтімен танысып келдік, - деді ол. - Барлығы ойдағыдай. Келесі кездесуде оны міндетті түрде көпшілікке көрсететін боламыз. Жалпы екі наминация болады: деректі фильм мен ойын филімі.   Сонымен қатар,  бас жүлде, бірінші, екінші және үшінші орындар, «Көрермендер көзайымы» номинациясы  және қазылар алқасының арнайы сыйлықтары  қарастырылған.

Еске  сала кетейік, фестивальге әлемнің 20 мемлекетінен 207 жұмыс қабылданды. Олардың арасында Ресей, Англия, Армения, Австралия, Үндістан, Израиль, Иран, Ирак, Канада сынды елдер бар. Іріктеуден өткен 64 жұмыстың 15-і деректі фильм болса,  49-сы - ойын киносы.

 

Назым Қарабева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы, рухани