Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің басшысы Ирина  Сорокина айтты.

-  Күн сайын таңертең және кешкі уақытта мониторинг жүргіземіз, - дейді Ирина Сорокина. -  Дачный шағын ауданынан бастап, Лесозауыт аймағына дейін бірнеше бақылау нүктелері бар.  Бекітілген  өлшемдерге   сәйкес  20 минуттың ішінде 20 және одан да көп шыбын мен бес шіркей  қонуы тиіс.  Норма деген нөл емес. Осы норма бір жерлерде шамадан тыс артқан жағдайда дереу мердігерге хабар беріліп, дезинсекциялық жұмыс жүргізіледі.

Спикер екі тәуелсіз топпен: ғылыми топ және  қоғамдық денсаулықты қорғау департаментімен қатар мониторинг жүргізілетінін атап өтті.

- Дезинсекциялық шараларды жүзеге асыру сапасына ауарайы да әсер етеді, - деді өңірдің санитарлық бас дәрігері. -   Себебі, жауын-шашын мен қатты жел препараттарды шайып жібереді. Біз  90 жылдан бастап мониторинг жүргізіп келеміз. Сондықтан  бүгінгі жағдайда қанағаттанарлық деп бағалай аламыз.  Бірінші кезеңде атқарылған жұмыстың  тиімділігі 90 пайызды құрады. Норма бойынша 80 пайыз болуы тиіс.

Ирина Сорокинаның айтуынша, қазіргі таңда дезинсекциялық жұмыстардың екінші кезеңі, яғни қанаттанған шыбын-шіркеймен күрес басталған. Қансорғыштардың шоғырлануы Усолка шағын ауданы мен Қамзин көшелерінде, жағалауда  тіркелген.

-   Сол және оң жақ жағалауда,  Усолка шағын  ауданынан Павлодарское ауылына дейін  қос тосқауылды,  саябақтарда   әуеден және жерде өңдеу жүргізіледі, - дейді департамент басшысы. -    Бұл уақытша құбылыс.  Мұндай жағдай бірнеше күн тұруы мүмкін. Ресейде Омбы және Новосібір облыстарында, Алтай өлкесінде қазір шіркейдің көбеюі орын алуда. Дегенмен көрші аймақтарда қансорғыштарды улау мүлдем жүргізілмейді. Шыбын-шіркейлер 100 шақырымға дейін ұшады. Әрине, бұл  «Ресей шіркейі» деп айта алмаймыз. Жағдайды  бақылаудан шығармауға уәде береміз. Себебі, 24 сағат бойы  қаншама адам жұмыс істеуде.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам