Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

«Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас достық, бауырластық және өзара сенімге негізделгенін білесіздер. Қазақстан Тәуелсіздігінің бірінші күнінен бастап Түркиямен қарым-қатынаста ең жақын мемлекет болып келе жатырмыз. Түркия елінің Қазақстанды осы жылдары қолдап келе жатқанын ұмытпаймыз. Түркия Қазақстан сауда айналымының алғашқы ондығына кіретін стратегиялық әріптес болып табылады. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 27 пайызға артып, 2 млрд долларға жуықтады. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 820 млн доллар болды», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік алғаннан бері Түркия Қазақстанға 3 млрд доллардан астам тікелей инвестиция салғанын, ал Қазақстан Түркияға 940 млн доллар құйғанын атап өтті. Қазақстанда түрлі салаларда түрік капиталының қатысуымен 2 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейтіндігін айтты.

«Олар химия және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, тау-кен металлургия және басқа салаларды қамтиды. Біздің ірі серіктестеріміздің арасында Anadolu, Yildirim, Urker, Abdi Ibrahim және басқалары бар. Сондай-ақ Қазақстанда 1990 жылдан бері түркиялық «Ziraat» банкі қызмет көрсетеді. 2012 жылдан бері екі елдің кәсіпкерлерін жан-жақты ынталандыруға және қолдауға бағытталған «Жаңа синергия» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бағдарламаны Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға сапарында, келіссөздер кезінде іске қосқан болатынбыз. Оның аясында сомасы 800 млн доллар болатын 23 жоба іске қосылды. 3 мың жұмыс орны құрылды», -деді Елбасы.

Қазақстан Президенті кеше Анкарада екі елдің бизнес өкілдерінің арасында сомасы 1,7 млрд доллардан асатын 24 құжатқа қол қойылғанын атап өтті.

«Бұл өзара сенімділік пен ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Экономикалық қатынастарды одан ары дамытуға Қазақстан жағы әр уақытта мүдделі. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі. Бұл одақтың аясында 180 миллионнан астам халық бар. Біздің стратегиялық мақсатымыз - әлемнің озық 30 елінің қатарына кіру. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстан тиімді бизнес жүргізу үшін жаңа мүміндіктер мен үлкен әлеуетке ие мемлекет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Қазақстан Президентімен кездесуге Түркия экономикасының 15 пайызын құрайтын 25 компанияның басшылары қатысты. Аталған компаниялар ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, геология және тау-кен өндіру өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, денсаулық сақтау және фармацевтика салаларында жұмыс істейді.

pavlodarnews.kz

Тэги: