Павлодар облысы әкімінің тапсырмасымен облыстық бюджеттен сатып алынған техникалар көлікке тексеріс жасауға керекті жабдықтармен толық қамтылған.

Бекеттер Майқайың-Павлодар, Баянауыл-Майқайың және өзге де көп жүк тасымалданатын бағыттарға қойылатын болады.

Техникада өңірдің әр аумағында жұмыс жасауға мүмкіндік беретін жылжымалы салмақ өлшегіштер бар. Осылайша, бақылаушылар жүк таситын көліктердің қанша салмақ тиегенін анықтай алады.

- Егер артық салмақ тіркелсе әкімшілік құжат толтырылады, - деді облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы Серік Талдыбаев. – Жеке тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткішке дейін, заңды тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.

Әр шағын автобустың төбесінде бейнекамера орнатылған. Сол арқылы бейне «онлайн» түрде көліктік бақылау комитетіне түсіп отырады. Сондықтан кез келген ниет білдіруші инспекторлардың жұмысын бақылай алады.

- Көліктік бақылау инспекциясымен бірге жергілікті полиция қызметінің экипажы жұмыс жасау керек, - деді облыс әкімі Болат Бақауов. – Тіпті, түнгі уақытта да қызметті тоқтатпау керек. Бұл жөндеуден өткен жолдарды сақтау үшін қажет. Бүгінде облыстағы жолдың 80 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Үкіметтің қолдауымен қалған 20 пайызын алдағы 2-3 жылда ретке келтіруге болады. Егер жолдардағы артық салмаққа бей-жай қарасақ, жағдай жақсарғанның орынына нашарлайтын болады.

Павлодар-Астана бағытындағы қалыпқа келтірілген жолдағы жылжымалы бекеттің бірінші тексеруінде жүк көліктері өте көп артық салмақ таситыны белгілі болды. Мысалы, Қалқаман ауылының маңында инспекторлар бетон артқан «Howo» жүк көлігін тоқтатты. Ол рұқсат етілген 16 тоннаға қарамастан, 36 тонна жүк тиеген. 20 тонна артық салмақ тасығаны үшін көлік иесіне 430 мың теңге айыппұл қарастырылған.

Дулат Райымбек

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам