Театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері Сансызбай Бекболатов премьерасы өткен «Қыран қазақ» спектаклі Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіровтың туғанына 100 жыл толуына арналғанын атап өтті.



-    Батырымыздың мерейтойына орай жаңа қойылым сахналанды, - деді Сансызбай Бекболатов. – Нүркен Әбдіров – белгілі ұшқыш, аты аңызға айналған ұлы батырымыз. 23 жасында соғысқа кеткен. 3 рет аспанға ұшып, 3 рет ерлік жасаған. Осындай азаматтардың ерлігін жалпы ел білу керек. Бұндай ерлікті айтып, жастарға жеткізу біздің міндетіміз. Павлодар көрерменінің сынағынан өту біздің театр үшін де маңызды. Бұл өңірдегі халықтың талғамы жоғары. Осында келген сайын жаңа қойылымдарды көрсетіп отырамыз.



Театр басшысының айтуынша, қойылымды дайындауға 1 жылдай уақыт жұмсалды. Ұзақ уақыт сахналық жүйесі жасалды. Әуе майданын сахнада жасау қиынға түскен.



Сонымен қатар, сапар барысында павлодарлық балалардың назарына халық ертегісі негізінде сахнаға лайықталып қойылған балаларға арналған «Жеті лақ» спектаклі ұсынылады.

Айта кетейік, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының 13-14 мамырдағы Павлодарға кіші гастрольдік сапарына өнер ұжымының 30 адамы келген.

14 мамыр күні сағат 11:00 мен 12:00-де Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының сахнасында «Жеті лақ» ертегісі қойылса, сағат 18:30-да «Қыран қазақ» драмасын тамашалауға болады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, театр, мәдениет