Жастар арасындағы доданы ЖБДО мен «Спидкубер» оқу-сауықтыру клубы ұйымдастырды.

ЖБДО арт-медиа орталығының жетекшісі Бауыржан Жансейітов бәсекеге 40-қа жуық Рубик кубигінің шеберлері қатысқанын атап өтті.

- Ереже бойынша сайысқа 10-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады, - деді Бауыржан Жансейітов. – Алайда, бүгін тек мектеп жасындағы балалар келіп отыр. Бұл спорт түрі балаларға жылдам шешім қабылдауға, түстерді ажыратуға, жылдамдыққа үйретеді. Сайыс екінші жыл қатарынан өтіп жатыр.

Кубиктерді түстеріне қарай жинауда балалар 2х2, 3х3, Pyraminx (пирамидалы кубик) бағыттарында мықтыны анықтады.

Жарыстың кішкентай қатысушыларының бірі Абылайхан Қалиев кубикті жинау ойынымен 1 жылдан бері айналысып келеді.

- Бұл жарысқа Екібастұз қаласынан келіп тұрмын, - деді Абылайхан Қалиев. – 9 жастамын. 1 жылда өзімді жылдам әрекет етуге дағдыландырып үйрендім. Бұл ойын өте пайдалы. Мектепте математика пәнінен есеп шығаруға көмектеседі. Өзіме қатты ұнайды. Әзірге 3х3 кубигінде 13 секунд нәтиже көрсеттім. Әлемдік рекорд орнатқым келеді.

Балаларды Рубик кубигін жинауға үйрететін «Спидкубер» оқу-сауықтыру клубының жетекшісі Виталий Аваргиннің айтуынша, кубиктерді құрастыру ден қойған адамға қиындық тудырмайды.

- Кубиктерді құрастыру оңай, - деді Виталий Аваргин. – Тек белгілі алгоритмдерді білу қажет. Түрлі тәсілдері де бар. Стандартты 3х3 кубигі бойынша әлемдік рекорд – 3 секунд 40 милисекунд. Қазақстан рекорды 7 секунд 47 милисекунд. Клубымыздың рекорды 8 секундқа жуық. Жуырда ғана өткен сайыста қойылды.

Сайыс қорытындысы бойынша бәсекеге алғаш рет қатысушыларға ғана жүлде берілді. Өйткені қатысушылардың көбісі бұған дейін талай жарыстардың марапатына ие болған. 14 жастағы Илья Горлов 2х2 кубигін 8,32 секундта және пирамидалы кубикті 14,83 секундта жинап қос бағытта жеңімпаз атанды. Ал, 3х3 бағытында 16 жастағы Әлнұр Сайран 23,58 секунд көрсеткішпен жеңімпаз атанды.

Жүлдегер ойыншыларға кубоктар, мақтау қағаздары және Рубик кубигінің жиынтығы табысталды.

Оразбек Саяхат

Фото: автор және ЖБДО

pavlodarnews.kz

Тэги: Рубик кубигі, ЖБДО, «Спидкубер», спорт