Облыстық білім беру басқармасы жанындағы Ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары Ермұрат Бәйкенов атап өткендей, IT-технологияларды игеру адамның жан-жақты жетілуіне жол ашады. Тұрғындардың бұл салаға деген қызығушылығын ояту үшін әртүрлі білім сайыстары өткізіліп, мектеп оқушылары республикалық және халықаралық жобаларға қатыстырылады.

Оған қоса, Павлодар облысы елімізде мектептері кеңжолақты интернетке 100% қосылған өңірлердің бірісі. Дегенмен, «Рухани жаңғыру» диалогтық алаң қатысушыларының пікірлерінше, аталған бағыттағы тереңдете білім алу зор көлемдегі қаржылық инвестициялар салуды талап етеді.

- Кез келген пәнді тереңдете оқыту біраз қаржыны жұмсауға мәжбүрлейді, - дейді дарынды балаларға арналған облыстық көппрофильді лицей интернатының сайт әзірлеу жөніндегі жобасының басшысы Светлана Загорулько. – Алайда біз минималды мүмкіндіктермен максималды білім беруге тырысамыз. Оқушылар болашақта өңіріміз бен елімізге пайда әкелсін деп оқытамыз.

Бұл пікірді дарынды балаларға арналған «Жас Дарын» мектебі директорының орынбасары Айдар Шайхимов та құптады. Оның пайымдауынша, тереңдете оқыту үшін мектептер көбінде-көп қажетті, бірақ бағасы қымбат бағдарламалар мен қосымшаларды сатып ала алмайды.

- Мектебімізде адам жүзін танитын бағдарлама орнатқымыз келді. Алайда оның бағасы 10 миллион теңге болғандықтан, бұл жоспардан бас тарттық, - дейді Айдар Шайхимов.

Дейтұрғанмен, бұл білімге құштар жастарды тоқтатпауы тиіс. Айдар Шайхимов айтқандай, бірінші кезекте, нәтижеге қол жеткізу адамның ынта-жігеріне байланысты.

- Мені мысалға алсақ, өзім ауылда туып-өсіп, компьютерді өзім игердім, - дейді Айдар Шайхимов. – 2005 жылы ауылдарды интернетке қосып жатқанда, мен бірінші күні-ақ мектептегі желіні бұзып шыға алдым. Кейін мектеп компьютерлерінде өз файлдарымды сақтап, мектеп деректерін еркін пайдаландым. Мұның бәрін ауылда жүріп-ақ игердім.

Дарынды балаларға арналған «Жас Дарын» мектебі директорының орынбасарының пікірінше, жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін сәл-пәл «жынды» болу керек.

- «Жынды» болуым керек, өйткені мен түнгі үшке дейін жұмыс істеймін. Тек келесі күні демаламын. Жұмыста таңғы жетіден кешкі жетіге дейін компьютер алдында отырамын. Біраз адам маған көздің қиығымен қарайды. Дегенмен, онсыз жоғары нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес, - дейді Айдар Шайхимов.

Кездесу соңында «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офисі мен дарынды балаларға арналған облыстық көппрофильді лицей интернаты Amazing Pavlodar айлығын бірлесе насихаттау жөнінде келісімге келді. Оның аясында лицей сайтында облыстың киелі орындары туралы ақпарат жарияланатын болады.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: «Рухани жаңғыру», білім беру, IT, мектеп