Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалы медициналық қызметтердің сапасын мониторингтеу бөлімінің басшысы Алмагүл Ахметжанова www.fms.kz сайтынан мәртебені анықтауға болатынын айтты.

- Әр тұрғын арнайы сайтқа кіріп, өзінің ЖСН нөмірін енгізсе болғаны, мәртебесін біле алады, - деді Алмагүл Ахметжанова. – Егер «сақтандырылған» деген жауап шықса, онда алаңдамауға болады. Егер жауап «сақтандырылмаған» болса, онда себебін анықтау керек. Мысалы, азаматтың «жалдамалы жұмысшы» деген мәртебесі бар және ол үшін төлемді жұмыс беруші жасайды. Жүйе арқылы жұмысшы өзі істейтін ұйым ол үшін сақтандыру төлемін жасап отырғанын немесе төлемегенін анықтай алады.

Сақтандыру мәртебесін анықтау үшін аталған сайтты ашып, оң жақтағы төменгі бұрышта «Статусты анықтау» пәрменін басып, ЖСН тереді. Жүйе бірден экранға нәтижесін шығарады.

- 2020 жылдың 1 қаңтарында МӘМС жүйесі іске қосылады, - деді Алмагүл Ахметжанова. – Оған дейін ел азаматтары сақтандыру мәртебесін анықтап алулары керек. Мысалы, адамға қандай да бір сырқат бойынша диагноз қойылып, оған медициналық көмек қажет болса және ол сақтандырылмаған болса, онда ол адамға құрамына учаскелік дәрігер, жедел көмек, шұғыл стационарлық көмек, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде көрсетілетін медициналық қызмет түрлері кіретін тегін медициналық көмек қана қолжетімді болады. Ал, МӘМС пакеті бойынша көрсетілетін қызметтер тек сақтандырылған азаматтарға қолжетімді.

Айта кетейік, жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне қорға аударылған төлемдер туралы ақпарат беруге міндетті. Жұмыскер есепшіге жүгініп, ақпарат талап етуге құқылы.

Сондай-ақ медициналық сақтандыруға аударылған сомалар туралы ақпаратты ХҚКО-дан білуге болады. Қызмет түрі «МӘМС аударылған жарналар мен аударымдар туралы ақпарат беру» деп аталады. Оған қоса, Электронды үкімет порталындағы (www.egov.kz) жеке кабинеттен тексеруге болады.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, МӘМС, медициналық сақтандыру, қор