Екібастұз қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Талғат Сәкеннің айтуынша, «KAZAKHSTAN NATIONAL PK» деп аталатын халықаралық турнирге Ресей, Франция, Қырғызстан және Қазақстаннан 200 спортшы қатысқан.

- Біздің қаланың атынан барған Әділет Қайыржанұлы 110 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, үшінші орынға ие болды. Енді ол жақында Біріккен Араб Әмірлігінің Әбу Даби қаласында болатын әлем чемпионатында біздің елдің байрағын көтереді.Жерлесімізге әлемдік бәсекеде сәттілік тілейміз, - дейді Талғат Сәкен.

Айта кетейік, Әділет Нұрпейісов былтырдан бастап №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болып қызмет істеуде. Бұған дейін ол көп жыл бизнеспен айналысқан. Ол джиу-джитсу бойынша көк белдіктің иегері, бірнеше рет халықаралық жарыстың жеңімпазы. Атап айтар болсақ, өткен жылы Астанадағы «Қазақ батыры» спорт сарайында өткізілген  ел чемпионатында 100 келі салмақта белдесіп, жеңіс тұғырынан көрінген болатын.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz