- Аурушаңдықтың өсуі байқалатын аудандарда мониторинг жүргізу барысында туберкулезге шалдығу бойынша жоғары қауіп тобындағы адамдардың ұзақ уақыт флюорографиялық скринингтен өтпеуі анықталады. Оған әлеуметтік қолайсыз, алкоголизмнен зардап шегетін және белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар кіреді. Мәселен, Ақтоғай ауданында 2019 жылы алдын алу флюорографиялық тексеру жоспары орындалмаған (98,3%). Нәтижесінде көрсеткіш бес жағдайдан 12-ге өскен, - деп атап өтті облыстық мәслихаттың сессиясында денсаулық сақтау басқармасы басшысының м. а. Гүлнар Жармакина.

Басқарма ұсынған мәліметке сүйенсек, Ақтоғай, Аққулы, Успен және Баянауыл аудандарының шаруа қожалықтарында бес адамның туберкулезге шалдығу фактісі тіркелген. Бұл ретте бұл жұмыскерлердің ұзақ уақыт флюорографиялық тексеруден өтпегені анықталған.

Ақтоғай ауданы әкімдігінің мәлімдеуінше, 2019 жылы үш ай бойы флюрографиялық аппарат жұмыс істемеген және бүгінгі таңда да жағдай сол күйде сақталған. Аудандық орталық ауруханамен жөндеу жұмыстары бойынша шара қабылданған. 1 милллион теңгеден астам сомаға бөлшектер алу  жоспарланып отыр. 

- Облыстық денсаулық сақтау басқармасына жаңа аппарат сатып алу үшін өтініш берілді, - дейді әкімдікте. - Қаражат 2021 жылға жоспарланған. Тексеру жүргізіледі. Бірақ жиі істен шығады. 2019 жылы 2,4 пайызға артқаны рас. Оның ішінде дертке шалдыққан адам Павлодар қаласында тұрып жатқанымен, тұрғылықты жері бойынша ауданға жеткізілген жағдайлар болды. Сондықтан көрсеткіш ауданға тиесілі. Сондай-ақ енді бірі Павлодар қаласының емханасына тіркелгенімен, шаруа қожалықтарында жұмысқа орналасуға келген.

Облыстық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы Қабылқақ Қапенов келесі жылға дейін мәселені шешу жолын сұрады.

- Ақтоғай ауданында ауру көрсеткіші жоғары, 95,3 пайызды беріп отырсыздар, - деді Қабылқақ Қапенов. - 2021 жылға дейін мәселені қалай шешпек ойларыңыз бар? Сонда оған дейін ешкім флюрографиялық тексерістен өтпей ме? Көршілес Ертіс ауданына, Павлодар қаласына автобуспен жеткізіңіздер. Бұл адамдар басқалармен араласады. Барлығы бір жерде жүреді. Бұл - күттірмейтін мәселе. Бәлкім, өтінішті қайта қарастырып, 2020 жылға енгізесіздер. Қаржы болмаса, бюджетті нақтылған кезде қосымша қаражат бөлу мәселесін көтерейік. Бірақ ол үшін негіздеме болуы тиіс.

Ақбота Сейсенбаева

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам