Орталық стадиондағы кездесуде алаң иелері бірінші болып есеп ашты. 30-минутта Карлос Фонсеканың пасын ұтымды пайдаланған Исмэль Фофана мергендік таныта білді.

Екінші таймда «Ертістің» қорғаушылары қолмен ойнап, төреші он бір метрлік айып добын белгіледі. Нүктеге келген қайсарлық Думан Нәрзілдаев таразы басын тең қылды.

72-минутта Павел Шабалинге қарсы ережені бұзған үшін қызылордалық капитан Руслан Сахалбаев екінші сары қағазды алып, алаңнан қуылды.

Он адам болып қарсыласқанына қарамастан қызылордалықтар екінші голын соғып кетті. Павлодарлықтардың қателігін ұтымды пайдаланған Елжас Алтынбеков есепті 1:2-ге жеткізді.

Бірақ 83-минуттағы бұрыштамадан келген допты баспен соққан Джа Джедже гол соқты. Осылайша, футболшылар өзара мықтыны анықтау үшін овер-таймда күш сынасатын болды.

15 минуттық алғашқы таймда командалар бір-біріне тіс батырып көргенімен, нәтиже шықпады.

Ал, екінші 15 минуттық ойын ашуға да, тартысқа да толы болды. Шабалин бұрыштамадан допты көтеріп, келесі қапталдан Калинин қорғаушыны алдап, Родригоға пас шығарды. Өз кезегінде бразилиялық жартылай қорғаушы «Қайсардың» қақпасын нысанаға дәлдеп алып, командасына жеңіс әкелді.

120 минуттан аса уақытқа созылған кездесу 3:2 есебімен аяқталды. Матч соңында кішігірім кикілжің орын алды. Ойын барысында алмастырылып, қосалқы құраммен отырған Жамбыл Көкеев төрешіге наразылығын білдірді. Қатты сөздер айтып алаңға атып шыққаны үшін оған қызыл қағаз берілді.

- Бірінші таймда біз үлкен басымдылыққа ие болған едік. Гол салдық. Екінші таймда бәсеңдік танытып, бірнеше қателіктерге бой алдырдық. Соның салдарынан екі гол өткізіп алдық. Бірақ гол соғатын жігіттердің бары қуантады. Соңына дейін күресіп, жеңіске деген ынтаның арқасында ойынды овер-таймға ауыстырдық. Жанкүйерлердің де қолдауы әдеттегідей, керемет болды, - деді «Ертістің» қорғаушысы әрі капитаны Владислав Чернышев.

Абзал Қабдраш
Суреттерді түсірген - автор

pavlodarnews.kz