Бұл туралы «Павлодар облысында автомобильдерді утилизациялау бағдарламасының жүзеге асырылуы» атты көшпелі брифинг барысында «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның өңірлік менеджері Алпысбай Мұсалин айтып берді.

    -848 ескі көліктің 760-ы мыжылып, брикеттеуге дайындалды. Тұрғындар Астанадағы кол-центр арқылы электронды кезекке жазылады. Күніне 7-8 көлік қабылдаймыз. Бірінші категория бойынша кузов, төрт есік, төрт дөңгелек, қозғаушы мотор, коробка, радиатор және акумулятор болу керек. Ол үшін 150 мың теңге беріледі. Ал, екінші категорияда аталғандардың біреуі болмаса, көлік құны 48 мың теңгеге төмендейді. Бірақ бізде жеңілдіктер де қарастырылған. Егер көліктің кузовы мен қозғаушы моторы болса, 48 мың теңге беріледі. Павлодарда мұндай жағдай тіркелген жоқ. Әр көліктің нөмірі дұрыс болу керек. Құжаттар қате рәсімделсе, МАИ-ге жіберіледі. Көлікті тапсыру үшін небәрі екі құжат керек: МАИ-дан автоны утилизацияға тапсыратындықтан есептен шешу және кез келген екінші деңгейлі банктен есепшот. 15 күн ішінде ақша көлік иесінің есепшотына аударылады. Жыл соңына дейін Қазақстан бойынша 40 мың көлікті қабылдау ойда бар, - деді «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның өңірлік менеджері Алпысбай Мұсалин.

Айта кетейік, ескі көліктердің орташа жасы - 25-30 жыл. Олардың қатарында Кеңес заманынан келе жатқан ескі көліктерден басқа шет ел көліктері де бар. Мыжылып, брикеттелген көліктер Қарағанды қаласында іске қосылатын утилизациялау зауытына жіберіледі.

Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторының өкілі Жомарт Рахымжанның айтуынша, жуық арада тапсырылған көліктерге берілетін сертификат жүйесі енгізіледі.

    -2017 жылдың бірінші жарты жылдығында тозығы жеткен көліктерді тапсырушыларға сертификат беру бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Бағдарлама ережесіне сәйкес М1 санатындағы салмағы 3,5 тоннадан аспайтын жеті орынға дейінгі жеңіл автокөлік құралдары қабылданады. Істен шыққан машинаны жоюға өткізген көлік иесіне белгіленген соманың сертификаты табысталады. Осы құжатпен көлік иесі Қазақстанда өндірілген су жаңа автокөлікті жеңілдікпен сатып алуына мүмкіндігі болады. Осылайша, елімізде ескі көлікті ақшаға тапсырумен қатар сертификатқа алмастыратын бағдарлама қатар жүзеге асырылады. Сертификат беру жобасының тәртібі мен жүзеге асырылу ережесі туралы алдағы уақытта ресми түрде хабарлама тарататын боламыз. Оның құны шамамен 300 мың теңге көлемінде болады, - деді Жомарт Рахымжан

Қоса кетейік, ескі көлікті тапсыру үшін кезекке тұрудың екі жолы бар: ӨКМ Операторының Call-орталығына - 8 800 080 08 65 хабарласу немесе auto.recycle.kz сайтына кіріп, арнайы форманы толтыру.

Павлодар облысы бойынша ескі көліктерді тапсырғандарға 127 200 000 теңге қаражат бөлінген.

Абзал Қабдраш
Суреттерді түсірген - автор

pavlodarnews.kz