Бүгінде жалдамалы пәтерді паналап отырған Наталья Баймұратованың айтуынша, өрт күндізгі шамамен төрттің кезінде Катаев көшесі, 33 үйдің бесінші қабатында тұтана бастаған. Абырой болғанда, сол сәтте іште ешкім болмаған. Десе де, лапылдаған от бір бөлмелі пәтерді түгел жалмап үлгерген. Салдарынан үйдің төбесі мен қабырғалары, тұрмыстық техника мен жиһаздан түк қалмаған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жалын электр сымдарының тұйықталуынан болды деп болжам жасап отыр.

- Жиендерім киім-кешексіз қалды. Киім мен тамақ болса, бізге біраз көмек болар еді. Балалардың үйде болмағанына шүкір. Шошып қалдық. Қолымда бар ақшаға уақытша пәтер жалдауға мәжбүр болдық, - дейді Наталья Баймұратова.

Айта кетерлігі, бір бөлмелі пәтер 53 жастағы Наталья Баймұратоваға тиесілі. Ол мұнда қызы және кәмелеттік жасқа толмаған жиендерімен  тұрып келген. Қыз баланың жасы он бесте болса, ұлдың жасы - сегізде.

Қиындыққа тап болған отбасына көмек көрсеткісі келген жомарт жандар 8(747)6289398 нөміріне хабарласуларына болады.

Айгерім Жанкашова

Суреттерді түсірген - автор

pavlodarnews.kz