Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды. «1 мамырдағы жағдай бойынша, мемлекеттік қарыз деңгейі жоспарланған межеде тұр. Ол біз үшін қауіпсіз деңгейде сақталған және 12,3 трлн теңгені немесе ЖІӨ-ге шаққанда 24,6%-ті құрап отыр», - деді ол өз баяндамасында.

Т.Сүлейменов атап өткеніндей, 2017 жылдың алғашқы төрт айында, инфляция төмендеп, экономиканың басым салалары өсім көрсеткен. Оның үстіне инвестициялық белсенділік артып, халықаралық қор деңгейі өскен.

«Олардың жыл басындағы көрсеткіші 2,2 процентке артып, 92,7 млрд теңгені құрап отыр», - деді министр. Алдын ала мәліметтер бойынша, қаңтар-сәуір айында ЖІӨ деңгейінің өсімі 3,7 процентке дейін ұлғайған. Тимур Сүлейменов баяндамада аталмыш көрсеткіштер жыл бойына сақталмауы мүмкін екендігін жеткізді. Себебі 2016 жылдың алғашқы 5 айында ЖІӨ әрдайым құлдырап келді және 0,2%-ке дейін жеткен болатын. Сондықтан төмен база эффектісі сақталады.

«Сол себепті алғашқы жартыжылдықта бұл эффект толықтай таусылуы бек мүмкін және жылдың 2,5 проценттік өсімге қол жеткізу үшін өсімнің жаңа қорларын іздестіруіміз керек болады», - деп түйді Т. Сүлейменов.  



pavlodarnews.kz