Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы ТЖ департаменті өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Серік Ысқақов мәлім етті.

- Табиғи өртті анықтау мақсатында ғарыштан бақылау қызметін ұсыну бойынша департамент пен "Қазақстан ғарыш сапары" ҰК АҚ 3 миллион 270 мың теңгеге келісімшартқа қол қойған болатын, - дейді Серік Ысқақов. - Нәтижесінде 13 өрт анықталып, дер кезінде ауыздықталды. Жалпы, биыл өңірде 15 сәуір - өрт қауіпі бар кезең басталғаннан бері 86 өрт тіркелген. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырсақ, бұл көрсеткіштің (131 өрт) 34 пайызға төмендегені байқалады. Тілсіз жаудың салдарынан келтірілген материалдық шығын көлемі 4 миллион 580 мың теңгені құраған.

Департамент ұсынған мәліметке сүйенсек, тілсіз жау бір адамның өмірін қиып кетсе, төрт адам түрлі жарақат алған. Көбінесе саяжай маусымының басталуына байланысты бағбаншылықтар мен ормандарда орын алатын өрттің саны артқан. Мемлекеттік орман қоры аумағында 16 өрт тіркеліп, келтірілген шығын көлемі 1 миллион 630 мың теңгені құраған. Қызыл жалын шарпыған аумақ - 46 мың гектар.

Облыс бойынша 216 өрт сөндіру құрылымына өз еркімен келген 2544 адам қабылданған. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет жоқ елді мекендерде және қырда 21 маусымдық бекет құрылып, департамент тарапынан 21 техника бөлінген. Биыл қосымша Май ауданына бір өрт сөндіру техникасы беріледі. 

- Жедел әрекет ету үшін ерікті түрде өрт сөндіруге қатысатын адамдардың санын арттыра түскен жөн. Былтыр ерікті құрылымдар саны 180 болса, биыл 216-ға жетіп отыр, - дейді Серік Ысқақов.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz