Облыс өкілдігінің бас имамы Нариман Исенов имамдарды ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының Рамазан айына байланысты Үндеуімен және бұйрығымен таныстырып, алдағы іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттілігін айтты. Сондай-ақ, басқосуға жиналған діни қызметкерлерді қасиетті айдың әрбір күнін тиімді пайдаланып, жамағатты жақсылыққа үндеп, ізгі істерді белсенді атқаруға шақырды.

-Ораза айт мерекелерін мешіт ауласында, мәдениет орындарында дініміз бен дәстүріміз шеңберінде, ұлттық нақышта тойлануы керектігі жайлы айтылды. Материалдық мүмкіндіктеріне сай дін жанашырларының қолдауымен Рамазан айында қайырымдылық акциялар өткізілетін болды. Оның ішінде тұрмысы төмен адамдарға, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік және киім-кешекпен көмек көрсету жоспарланған, - дейді орталық мешіті баспасөз қызметінің хатшысы Амантай Тойшыбайұлы.

Жиналыс барысында медреселер мен Нұр Мүбәрак университетіне шәкірт дайындау, жазғы сауат ашу курстарын ұйымдастыру туралы нақты іс-шаралар жоспары бекітілді. Әр мешіттің қызметкерлеріне Рамазан айында берілетін пітір садақа мөлшері мен Ораза кестесін жамағатқа жеткізу міндеті жайында сөз қозғалды.

Айта кетейік, биылғы жылы ҚМДБ Төралқа мәжілісі мүшелерінің шешімімен пітір садақа мөлшері 300 теңге болып бекітілген болатын.

pavlodarnews.kz